Жамбыл облысында бес тәулікте 50-ге жуық есірткі қылмысы анықталды

19 Желтоқсан 2019, 01:39
4344
Бөлісу:
Жамбыл облысында бес тәулікте 50-ге жуық есірткі қылмысы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында "Допинг" жедел-алдын алу шарасының бес тәулігінде 50-ге жуық есірткі қылмысы анықталды, деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

9 желтоқсанда басталған республикалық "Допинг" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 50-ге жуық есірткі қылмысын анықтады. Олардың ішінде төрт дерек Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі (аса ірі көлемде есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) және үш дерек 303-бабының 1-бөлігі (есірткі, психотроптық немесе улы заттарды пайдалану ережелерін бұзу) бойынша анықталған.

Сонымен қатар, ҚК-нің 296-бабының 1-бөлігі мен 2-бөлігі бойынша (қоғамдық орындарда есірткі құралдарын медициналық емес тұтыну; есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) 22 қылмыстық теріс қылық және 18 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның алтауы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 427-бабының 1-бөлігі (есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) бойынша болса, 1 дерек ҚР ӘҚБтК 464 және 426-баптарының (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласының ережелерін бұзу) талаптарын бұзған.

Заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарының жалпы салмағы 237 кг 283 г 400 мг құрады, оның ішінде 5 кг 637 г марихуана, 3.400 г синтетикалық есірткі, 231 кг 643 г күкірт қышқылы, 1327 психотроптық және есірткі заттары болып табылады, - делінген хабарламада.

Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

 

Өзгелердің жаңалығы