Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды

28 Маусым 2021, 18:21
2034
Бөлісу:
Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға бағытталған шара барысында арнайы сабақ өткізіліп, Мыңарал балық зауытында практикалық жұмыстар жүргізілді.

Семинар барысында «Құлатай - БВК» орталығының жетекшісі Уалихан Бидайбеков балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жайында білім алушыларға кеңінен түсіндіріп өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды.

Сондай-ақ кәсіпкер Мыңарал балық зауытында білім алушыларға балық аулау және өңдеу жұмыстарын тәжірибелік тұрғыда көрсетті.

Бүгінде аймақта балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Былтырдан бастап облысымызда форель өндіріліп, нарыққа сатылымға шығарылды. Қазір арнайы шабақтар өсіретін тоғандар бар. Майшабақтарды сатып алып, арнайы өзен-тоғандарда өсіретін болса жеткілікті пайда табуға болады,-дейді кәсіпкер Уалихан Бидайбеков.
Мұндай семинарлар мен оқу курстарының қаржы алып, кәсібін бастаймын дегендерге пайдасы зор. Нәтижесін көріп отырғандар да жоқ емес:
Аудан бойынша қысқа мерзімді оқумен 30 адам, оның ішінде балық шаруашылығы бойынша 15, ара шаруашылығы бойынша 15 адам жолдама алған. Ара шаруашылығы өнімдеріне ауданда 2020 жылы 2 азамат, 2021 жылы 1 азамат қайтарымсыз грант алып, бүгінде шаруаларын жүргізіп отыр. Осы мамандықтар бойынша жеке кәсібін ашамын деген азаматтарға қайтарымсыз грантқа 100 адамға қосымша қаражатқа өтім берілген, - дейді Халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Сағындық Бекетұлы.  

Айта кету керек, Мыңарал балық зауыты еліміздің түкпір-түкпіріне жоғары сапалы ысталған, мұздатылған, кептірілген балық өнімдері мен консервілерді жөнелтіп отыр.

 


Өзгелердің жаңалығы