Жамбыл облысының жолдарында балаларды шанамен сырғанатқан көлік жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қаратау қаласында полиция қызметкерлері аумақты патрульдеу барысында өздеріне және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіре отырып, балалар отырған шананы көлікпен сүйреген жүргізушінi анықтады. Құжаттарын тексеру кезінде ер адамның көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Ал оның жолаушылары кәмелетке толмаған жас балалар болған.
Өзінің жауапсыз және қауіптi әрекеті үшін құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 73 840 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жасөспірімдердің ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36920 теңге көлемінде айыппұл төлейтiн болды.
Жамбыл облысының полиция департаменті жүргізушілерге автокөліктерге шананы, тюбинг және басқа да құрылғыларды байлап, сырғанаудың қауіптілігі туралы ескертеді. Кенеттен тежеу кезінде шанадағы адам соғылуы, көлік дөңгелектерінің астында қалуы немесе көліктен ажырап кетуі, тұрған қоршауға, басқа да кедергілерге соқтығысуы мүмкін.