Жамбыл облысында әлеуметтік оңалту орталығы ашылды

6 Қазан 2023, 16:28
1334
Бөлісу:
Жамбыл облысында әлеуметтік оңалту орталығы ашылды
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Таразда Мүгедектер күні қарсаңында 150 орынды Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова қатысты.

Ең алдымен облыс әкімі жамбылдықтарды мүмкіншілігі мол орталықтың ашылуымен құттықтап, әлеуметтік саладағы жоспарлы жұмыстарға тоқталып өтті.

Жамбыл облысында әлеуметтік оңалту орталығы ашылды

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар жандардың жағдайын жақсартып, қоғамда тең мүмкіндіктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету, олардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, құқықтарын қорғау, қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау бойынша түрлі шаралар қолға алынған. Президентіміз өз Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз, - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Облыс бойынша 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Қажетті арнайы оңалту құралдармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында ағымдағы жылы 3,6 миллиард теңгеге тиісті бұйымдар алынуда. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу шаралары да жүзеге асуда. Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну мақсатында өңірімізде 21 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс атқарады, онда 1 689 азамат қызмет алуда. Атқарылатын қызметтерге 7,0 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова сөз алып, ел аумағында Семейде және екіншісі Әулиеата өңірінде осындай заманауи орталық ел игілігіне айналғанын айрықша атап өтіп, облыс басшылығы мен мердігерлерге алғысын жеткізді. Әлеуметтік оңалту орталығын салу үшін 5,5 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Салтанатты шарада орталықтың лентасы қиылып, аймақ басшысы мен вице-министр жаңа нысаннның жұмысымен жан-жақты танысып шығып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.

Өзгелердің жаңалығы