Жамбыл облысының 32 ауылында кәсіпкерлер алкогольдік ішімдіктерді сатудан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Кенен ауылына жасаған сапары барысында бірқатар кәсіпкерлер осындай шешім қабылдағанын атап өтті. Олардың екеуі әкімдікпен арнайы меморандумға қол қойып, спирт өнімдерін сатпауға ресми түрде міндеттеме алды.
Қадағалау органы таратқан ақпаратқа сәйкес, мұндай азаматтық ұстаным қоғамдық тәртіпті нығайтуға оң әсерін тигізуде. Биыл алкоголь сатылмайтын 11 ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Азаматтардың бұл бастамасы қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алуға нақты үлес қосып отыр, - делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.