Жамбыл облысында 3 су қоймасының құрылысы басталды

4 Желтоқсан 2023, 17:20
459
Бөлісу:
Жамбыл облысында 3 су қоймасының құрылысы басталды

Бұдан бөлек облыстық бюджет есебінен 8 бөгет салынбақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Ал келер жылы республикалық қазынадан қаржы қаралса, ауқымды 3 су жинақтау қоймасы тұрғызылады.

Андас-1 мен қоса Меркі ауданында екі қойма салынып жатыр. Олардың жалпы көлемі 1,5 миллион текше метрге жуық. Құрылысшылар биыл екеуін аяқтап тапсырмақ. Ал ауқымдысының құрылысы келер жылы жалғасады. 

Құрылыс алаңындағы жұмыс қызу. Күн салқындамай бетонды құйып алуымыз керек. Жалпы бөгеттің ұзындығы 297 метр. Ал қойманың табаны 58 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, - деді құрылыс алаңының басшысы Алексей Шпиц.

Су жинақтау орындары қолданысқа берілсе, аудандағы 600 гектар алқап суарылады. Сонымен қатар жергілікті билік тіршілік нәрін егістік басына дейін құбырмен жеткізуді жоспарлап отыр.

Былтырғы қуаңшылық су мамандарының жұмысын жеделдеткендей. Аймақта 8 кіші су қоймасы жергілікті бюджеттен, тағы 3 ірі нысан республика қазынасы арқылы салынады. Талас өзенінде Ақмола, Шу арнасы бойынан Қалғұты мен Ырғайты су қоймалары салынады. Олардың жалпы сыйымдылығы 52 миллион текше метр.

Өзгелердің жаңалығы