Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Жорабек Баубеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте баяндады.
Осыдан екі жыл бұрын 182 млн теңге Үкіметтік емес ұйымдар арқылы жұмсалды. 1 103 мүмкіндігі шектеулі азамат әлеуметтік қызмет алса, осы кезеңге дейін 345,9 млн теңге бөлініп, 1700-ден астам азамат үкіметтік емес ұйымдар арқылы тиісті әлеуметтік көмекті алып отыр. Яғни 2020 жылы осы ұйымдарға бөлініп жатқан қаражат екі есеге артып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы қарттарға арналған шағын үй ашылды. Жуалы ауданында да 25 орындық оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ, Байзақ ауданында балаларға арналған 25 орындық бейімдеу орталығы ашылды. Өткен жылдың өзінде 5 мүмкіндігі шектеулі бала орта мектепке барды, бір бала балабақшаға барды және 7 бала арнайы мектепке баруға мүмкіндік алды. Бұл Үкіметтік емес ұйымдар атқарып отырған жұмыстың нәтижесін көрсетеді, - деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, облыстағы негізі проблеманың бірі – аутизм диагнозы бар балаларды бейімдеу орталықтары жоқ болатын.
Өткен жылы үкіметтік емес ұйым арқылы осындай орталық ашылды. Қазіргі таңда аутизм диагнозымен ауыратын 30 бала осындай бейімдеу орталығы арқылы әлеуметтік қызметті алып отыр, - деп айтты Жорабек Баубеков.
Сонымен қатар, облыста 2020 жылы «Бақытты отбасы» орталығы ашылды.
Өткен жылы үкіметтік емес ұйым арқылы «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Бұл орталықтың бастапқы мақсаты мен жұмысы – билік пен халық арасындағы мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмектің көпірі. Айта кетсем, былтыр осы орталық арқылы 19 мыңнан аса қызмет көрсетілді. Негізінен аз қамтылған азаматтар, балалар мен жанұяларға тиісті қызметтер көрсетіліп жатыр, - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыста 45 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар екенін хабарлаған болатынбыз.