Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы даланың фольклорын жинауға, оны ұлттық патриотизм мен ұлттық сүйіспеншілікті қалыптастыруға пайдалануға, жас ұрпақтың ата-баба тарихы мен дүниетанымын тануға арнайы мән берген.
Осы орайда Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен халық шығармашылығы жиналып, көптомдық кітап шығару жоспарлануда.
Жобадағы шығармашылық топтың жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың басталып кеткенін айтады.
«Жамбыл өлкесі – еліміздің басқа аймақтары тәрізді ежелден халықтық дарынды тұлғаларға бай өңір. Әрине, олардың бірсыпырасының шығармалары жиналып, кезінде кітап, жинақ болып басылып шығып, халық игілігіне жаратылды. Дегенмен, уақытылы жиналмай, қағазға түспей қалған халықтық туындылар, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, жер-су тарихына қатысты аңыз-әңгімелер мен тарихи-аңыздық жырлар, тұрмыс-салт өлеңдері әлі де көп», - дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ұлы Дала тарихын, басынан өткен талай жайларын білу үшін сол уақыттың тынысы мен ел-жер үшін ата-бабалардың арпалысының шындығын сезіну үшін халықтық шығармаларды, халық ақындарының туындыларын жинап, бір ізге түсіріп қайта ұсыну қажет. Бұл халықтың, өлкенің тарихын зерттеу, зерделеу үшін ғалымдарға да аса керек дүние болатыны сөзсіз.