Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық жеке кәсіпкерлер "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдаланыпты. Құжат қолданысқа енгелі өңірде жалпы құны 107,7 млрд теңге тұратын 1 788 жоба жүзеге асырылған. Мұның 420-сы өткен жылға тиесілі. Ал биылға 3 235,1 млн теңге қарастырылған.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы Айгүл Иманбекова айтып берді.
"Жастар жылы" аясында және "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде шағын бизнес субъектілерінің бастамаларын іске асыру үшін 165 азаматқа 339 млн теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Оның 303 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Ал биыл құжат аясында барлығы 171 млн теңге бөлініп, облыс бойынша жаңа бизнес-идеяға сай келетін 40-45 жоба грантпен қаржыландырылатын болады, - деді ол.
Айгүл Мұқанқызы былтыр жамбылдық 1000 шақты жастың кәсіпкерлік негіздеріне оқытылғанын да айтты. Олардың 556-ы гранттық қаржыға ие болып, 200-ден астамы шағын несие алған. Оның сөзіне қарағанда, өңірде "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы белсенді түрде іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда мақұлданған жобалардың сомасы бойынша Жамбыл облысы республика бойынша алдыңғы қатардағы топта тұр.
Бүгінде жалпы көлемі 948,3 млн теңге болатын 43 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, 20,7 млрд теңгеге 60 жоба мақұлданды. Сонымен қатар, "Еңбек" бағдарламасы аясында аймақта Тараз, Жаңатас және Қаратау қалаларының жас кәсіпкерлері 381,2 млн теңгеге 38 жоба бойынша шағын несие алып, өз істерін жүргізуде. Олардың облыстағы шағын және орта бизнесті дамытуға қосып жатқан үлесі мол, - деді Айгүл Иманбекова.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында "Бизнестің Жол картасы-2025" бағдарламасы аясында 400-ге жуық, "Еңбек" бағдарламасы аясында 20-ға тарта жұмыс орындары ашылған.