Жамбы атудан ұлттық құрама жасақталды

12 Тамыз 2024, 09:49
456
Бөлісу:
Жамбы атудан ұлттық құрама жасақталды
Фото: 24.kz

Әлем көз тіккен көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын жамбы атушылардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz сілтеме жасап.

Кіл мықтылардың арасында Азия, әлем чемпиондары сондай-ақ жүлдегерлері бар. Іріктеуден іркілмей өткен мергендер қазір Алатау бөктерінде шеберліктерін шыңдауда.

Жамбы атудан көшпенділер ойындарына елдің 4 үздік спортшысы қатысады.

Олардың ішінде әлем чемпионы Батыр Бексауыт байрақты бәсекеге тікелей жолдама алған. Ал қалған 3 жамбы атушы өзара іріктеуде анықталды.

Жолдама сарапқа салатын сайысқа елдің 10 үздігі қатысты. Олар «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стилдері бойынша бақ сынады.

Нәтижесінде Айтбек Сарыбай, Абзал Тұрлыбеков және Ералхан Айкөз қарсыластарынан бір бас жоғары болып дүбірлі додаға жолдама алды.

 Енді осы іріктеу кезеңдерінен өттік, көшпенділер ойындарына қатысу басты мақсатымыз болды. Енді алла қаласа еліміздің көк туың көкте желбіретем деген ойдамын. Алла қаласа алтын күтіңіздер. Барымызды саламыз, - деді жамбы атудан ұлттық құрама мүшесі Ералхан Айкөз.

Ералхан 2021 жылы жамбы атудан Тегеранда өткен XVI әлем чемпионатының жеңімпазы. Көшпенділер ойындарында алтыннан үмітті спортшының бірі. Қалған мергендер де осал емес, тұлпарлары да тас түйін дайын. Ұлттық құрама бапкерінің айтуынша, жамбы атушылар 80 пайызға дайын, енді тек психологиялық тұрғыдан біліктілікті арттыруда.

 Енді бұлар недегенмен жамбы атудын басынан бері келе жатқан тәжирбелі, халықаралық жарыстарға көп қатысқан спортшылар. Сескенбей шығатын спортшылар, енді бірақ біраз дайындық керек,- дейді жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев

Байрақты бәсекеге жолдама алған спортшылар Алатау бөктерінде шеберліктерін шыңдауда. Мұндағы жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады. Ал көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында елордада өтеді.

 Спортшылардың қазіргі таңдағы дайындығы өте жақсы. Бұл оқу жаттығу жиындары кей спортқа 4-кезең болса, кей спортқа 5–кезең. Енді жарыстың өту күніне дейін 2-кезең оқу жаттығу жиындары қалды. Жалпы командалық 1-орын аламыз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар 100 ден аса медаль оның ішінде 40 тан астамы алтын медаль болады деген үміттеміз, - дейді "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы" директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова.

Көшпенділер ойындары үш бағыт, яғни, спорт, мәдениет және ғылым бойынша өтеді. Ол үшін елордада арнайы 6 нысан дайындалып жатыр. Атап айтқанда, «Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша сайыстар өтеді. Ал Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдыны кешенінде ұлттық күрес, жекпе-жек және халық ойындары бойынша мықтылар сынға түседі. «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік сайыстар ұйымдастырылады. «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. Ал ғылыми бағдарлама іс-шаралары Ұлттық музейде ұйымдастырылмақ.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары;

«Астана-Арена» стадионы – ашылу және жабылу салтанаты;

«Қазанат» ипподромы – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату, құстармен аң аулау;

Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы – қазақ күресі, көрәш, алыш;

«Алау» Мұз айдыны сарайы – асық ату, арқан тарту, ордо, таяқ тарту;

«Думан» кешені – дәстүрлі зияткерлік сайыстар

«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені – Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары .

Өзгелердің жаңалығы