Жамбы ату – қазақтың ежелден келе жатқан рухты ойындарының бірі. Құралайды көзге атқан мергендер жүйрік атпен шауып бара жатып, бағанға ілінген жамбыны садақпен атып түсіретін болған. Көшпенділер ойынын да бұл спорт түрінен атқа қонған мергендер сынға түседі. Спортшылардың дайынығын білу үшін «Жамбы ату» федерациясының бас директоры Елнұр Исақұлмен сұқбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Көшпенділер ойынына дайындық қалай жүріп жатыр?
Көшпенділер ойынына дайындық үздіксіз, жоғары деңгейде жүріп жатыр. Ұлттық құрама ақпан айынан бері тоқтатпай оқу-жаттығу жиындарынан өтуде. Қазіргі уақытта Алматы облысында таулы аймақта атпен дайындалып жүр. Оқу-жаттығудың соңғы кезеңі тамыз айының аяғы мен 7-қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Тамыздың 8-і күні сол дайындық барысында 15 спортшының ішінен Көшпенділер ойынына қатысатын спортшыларды анықтаймыз. Яғни іріктеу жарысы болады. Сол спортшылардың ішінде үздік деген түркістандық Батыр Бексауыт деген спортшымыз бар. Былтыр жастар арасында Моңғолияда өткен жарыста әлем чемпионы болды. Венгрияда ересектер арасында өткен әлем кубогі кезеңінде күміс жүлдегер атанды. Биыл Шымкент қаласында өткен Азия чемпионатында 2 рет күміс жүлде иегері болды. Тұрақты, үздіксіз жақсы нәтиже көрсеткен осындай спортшымызды іріктеусіз алып жатырмыз. Қалған спортшылар бақтарын сынайды.
- Қай елдің спортшылары мықты?
Қазіргі таңда 29 елден 71 спортшы қатысуға өтінім берді. Оның ішінде ең басты қарсылас деп санайтынымыз Моңғолия мен Сауд Арабиясын ерекше айтуға болады. Арагідік Индонезия, Малайзия елдерінің спортшылары да жақсы нәтиже көрсетіп жатады. Ал Еуропа елдерінің ішінде Франция, Румыния, Польша елінің спортшылары жақсы. Жалпы бұл спорт түрінің ерекшелігі күтпеген жерден мықтылардың шығуы. Сондықтан жігіттердің дайындықтарына ерекше назар аударып жатырмыз.
- «Жамбы ату» спортының елімізде даму деңгейін айтып берсеңіз?
Бұл спорт қазір жақсы қолға алынды. Бұрындары көп айтыла бермейтін. 2023 жылы Еркебұлан Ильясов федерацияның президенті болып келгелі жеке қаражатымен тұрақты жарыстарды өткізіп, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, спортшылардың керек-жарақ заттарын алу сынды жұмыстармен айналысып, қолдау көрсетіп жатыр. Бірақ әттеген-ай дейтін тұстары да бар. Ол инфрақұрылым мәселесі. Жергілікті атқарушы органдардан қолдау болса дейміз. Жамбы атуға арнайы жарыс, дайындық өтетін алаңдар салынса деген үміттеміз.
- Жас балалардың қызығушылығы қандай?
Өте жақсы. Мәселен биыл маусым айында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында жасөспірімдер арасында ел чемпионатын өткіздік. 14 жастан бастап жарысқа қатысуға рұқсат етіледі. Бұған дейінгі чемпионаттарда Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының спортшылары тұрақты қатысып, жеңіп отыратын болса, бұл спорттың кең етек жая бастағаны сол медаль алып көрмеген өңірлер жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік өңірлерін атап өтуге болады. Жастар біздің болашағымыз. Зор үміт күтеміз.
- Сұқбат бергеніңізге рахмет!