Жалған ЖСН мен куәлік: Алматыда курьерлерге құжат дайындаған адам әшкереленді

Алматылық күдікті шетелдіктерге жалған құжат жасап, Қазақстан азаматтарының ЖСН-дерін пайдаланған.

 istockphoto.com 7 Қараша 2026, 08:50
7 Қараша 2026, 08:50
123
Фото: istockphoto.com
Алматы полициясы курьерлер мен жүргізушілерге жалған құжат дайындаған күдіктіні ұстады.
 
Бұл туралы BAQ.KZ полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, 32 жастағы ер адам Қазақстан азаматтарының жарамды жеке куәліктерінің нөмірлерін алып, құжаттардағы фотосуреттер мен жеке деректерді өзгерткен.

Күдікті ұсталды. Полиция нұсқасы бойынша, ол ақшаға тапсырыспен жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және көліктің техникалық паспортын жасап келген. Жалған құжаттарда Қазақстан азаматтарының қолданыстағы ЖСН-дерін пайдаланған.

Мұндай ауыстыру тапсырыс берушілерге өздерінің жеке басын жасыра отырып, жеткізу және жолаушылар тасымалы қызметтеріне тіркелуге мүмкіндік берген, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.

Алдын ала мәлімет бойынша, клиенттердің басым бөлігі Орталық және Оңтүстік Азия елдерінен келген азаматтар болған. Олар құжаттарға негізінен курьер және жүргізуші болып жұмыс істеу үшін тапсырыс берген.

Кеңсені тінту кезінде полицейлер жалған құжаттар дайындауға пайдаланылуы мүмкін компьютерлік техника мен телефонды тәркіледі. Қазір олар сараптамаға жіберілді. Сондай-ақ полиция күдіктінің әрекетін заңсыз көші-қонды ұйымдастыру белгілері бойынша жеке тексеру қажеттігін қарастырып жатыр.

Наверх