Жалған шот-фактура. 54 тапсырыс беруші салық төлеуге мәжбүр

22 Қараша 2021, 11:10
1485
Бөлісу:
Жалған шот-фактура. 54 тапсырыс беруші салық төлеуге мәжбүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып, тәуекелі жоғары салық төлеушілер бойынша электронды шот-фактураларды жазып беруді шектеу жөніндегі пилоттық жоба адал салық төлеушілерге өздерін "бір күндік" фирмалармен байланыстан қорғауға көмектеседі.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Осыған дейін ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша «АйДи строй» ЖШС-нің басшысы Д.Құрманғожинованың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 900 млн теңге көлемінде ірі залал келтірілген.

Бұл әрекеттерді директор ЖШС атынан бухгалтерлік құжаттарда жалған қызметтер мен тауар жеткізілімін көрсете отырып, 54 тапсырыс берушінің атына жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы жүзеге асырған. Осы жалған мәмілелер арқылы тапсырыс берушілер салық есептілігіндегі шығындарды заңсыз арттырып, салық міндеттемелерін азайтқан – делінген хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін Мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау немесе салық аудиті шеңберінде талап қою мерзімі шегінде төленбеген салықтарды тапсырыс берушілерден талап етеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдары жалған шот-фактураларды пайдалану арқылы жасалған құқыққа қарсы іс-әрекеттердің жолын кесу бойынша алдын алу шараларын тұрақты негізде қабылдайды.

Адал бәсекелестікті қорғау, "жалған мәмілелерді" ерте анықтау мақсатында 2019 жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып, тәуекелі жоғары салық төлеушілер бойынша электронды шот-фактураларды жазып беруді шектеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл мақсат зияткерлік талдауды қолдана отырып, электрондық шот-фактуралардың мәліметтерін талдау арқылы жүзеге асырылады.

Бұл адал бизнеске өздерін "бір күндік" фирмалармен байланыстан қорғауға көмектеседі, айтарлықтай зиян келтіру және ұзақ уақыт өткеннен кейін өсімпұлдарды есептей отырып салық төлеу қаупін азайтады.

Бүгінгі таңда 8 мың салық төлеушіге ЭШФ жазу мүмкіндігі шектелген, мұндағы тәуекел айналымының сомасы 3,3 трлн теңге. Бұдан әрі, наразылық-талап қою жұмысы жүргізілуде, оның нәтижесінде бүгінде 529 млрд.теңгеге ЭШФ жазған мекемелердің тіркелуі жарамсыз деп танылды, 160 млрд. теңге мәмілелері жарамсыз деп танылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша залал сомасы 183 млрд теңге болатын 618 қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінде.
Өзгелердің жаңалығы