ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің барлық аймақтарында мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығын тексеруді бастады. Бұған Атырау облысында анықталған ірі заң бұзушылықтар себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Атырау облысында азаматтарды сырттай (проактивті) куәландыруға жолдау кезінде күмәнді деректерді анықтаған.
Еңбекминінің мәліметінше, медициналық ұйымның жекелеген қызметкерлері мен дәрігерлік-консультациялық комиссия (ДКК) төрағасы медициналық құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізген деп айыпталуда.
Бақылау шаралары тек бір өңірмен шектелмейді. Тексерулер еліміздің барлық аумағындағы аумақтық бөлімшелерді қамтитын болады. Негізгі мақсат - мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің қаншалықты заңды және объективті жүргізіліп жатқанын анықтау.
Атырау облысында анықталған фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Енді мамандардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңнама аясында процестік шешім қабылданады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, - делінген ведомство хабарламасында.