Жалған хабарлама жасасаң – 16 млн айыппұл арқалайсың

4 Қазан 2022, 04:47
1581
Бөлісу:
Жалған хабарлама жасасаң – 16 млн айыппұл арқалайсың

Жалған ақпар жарға жығады. Жыл басталғалы 111 адам мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындарға жарылғыш зат қойылды деп қоңырау шалып, хат жіберген. Ал полицейлер жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұл туралы BAQ.KZ qazaqstan.tv  жаңалықтарына сілтеме беріп хабарлайды.

Жалған ақпарат таратушылардың арасында кәмелет жасына толмаған балалар, тіпті бірінші сынып оқушысы да бар.

Жыл басынан бері 28 адам осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 8-і бас бостандығынан айырылды. Тек қана соңғы 2 айда интернет арқылы жалған хабарлама таратқан 5 адам анықталды.

Мамандардың айтуынша, жарылғыш зат туралы хабарлама көбінде еріккен, іші пысқан, мас адамдардан түседі. Олар мұндай қадамға кек алу, бұзақылық, мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау және құқық қорғау органдарының жұмысын тексеру үшін барады екен. Соңғы 3 айда бомба қойылды деген ақпараттан соң Алматы, Ақтөбе, Павлодар облысындағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды. Бір жағдайда жалған хабарламаны кәмелет жасына толмаған бала берген. Оның ата-анасына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш заттар туралы ақпарат расталған емес. Біздің есептеуіміз бойынша осындай жалған шақырту бойынша бір рет шыққанда екі жүз мың теңгедей үш жүз мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ал ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әр сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді, - дейді ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев.

Жалған ақпар үшін үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ұмытпау керек. Мұндай қылмыс үшін 16 миллион теңгегеге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы