Жалған ақпарат, айыппұл, жарнама: Блогерлерге қатысты жаңа заң туралы не білеміз?

12 Шілде 2023, 08:30
2461
Бөлісу:
Жалған ақпарат, айыппұл, жарнама: Блогерлерге қатысты жаңа заң туралы не білеміз?
Фото: BAQ.KZ

10 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға қол қойды. Демек енді елімізде осы бағыттағы жұмыстар заңмен реттеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң нені көздейді?

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін онлайн-платформалармен байланысты қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстан

Республикасының аумағында онлайн-жарнаманы жасау, орналастыру, тарату және сақтау процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Заңның мақсаты - онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің, сондай-ақ онлайн-жарнаманы жасаудың, орналастырудың, таратудың және сақтаудың, құқыққа қайшы контентті болғызбаудың және оның жолын кесудің құқықтық негіздерін айқындау.

Міндеттері мынадай:

1) онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің ашықтығын қамтамасыз ету;

2) Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

3) құқыққа қайшы контентке жол бермеу;

4) балаларды онлайн-платформаларда олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау;

5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте адамның және азаматтың дербес деректерін жинау және өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету.

Заң аясында онлайн-платформаның меншік иесі қазақ тілінде интерфейсті пайдалануға,

контенттің қазақ тіліне автоматты түрде аударылуына мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында контентті қазақ тілінде модерациялауды қамтамасыз етеді.

Заңда Қазақстан Республикасының аумағындағы онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынған.

Құқыққа қайшы контентке не жатады:

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді;

- соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды;

- суицидті, порнографияны, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді және прекурсорларды, сепаратизм идеяларын, алаяқтықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын үндеу, насихаттау немесе үгіттеу;

- Қазақстан Республикасының мемлекеттілігіне және аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашатын ақпарат;

- Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған өзге де ақпарат құқыққа қайшы контент.

Сонымен қатар өзіне қатысты жалған ақпарат таратылса, онда азамат онлайн-платформаның меншік иесіне жалған ақпаратты жою туралы талаппен жүгінуге алады. Ал егер онлайн-платформаның меншік иесі жалған ақпаратты жоюдан бас тартса, онда тұлға сотқа жүгінуге құқылы.

Онлайн-жарнама қалай реттеледі?

Онлайн-жарнамаға қойылатын талаптар:

1. Онлайн-жарнама сәйкестендірілетін болуға және таңбалануға тиіс.

2. Онлайн-жарнама уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен таңбаланады.

3. Онлайн-жарнаманы орналастыру және тарату «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар қандай жаза арқалайды?

Әлеуметтік желіде жалған ақпаратты орналастырып, таратқандар жауапқа тартылады.

Жалған ақпаратты БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректердің интернет-порталында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастырып таратқан

- лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға - 30 АЕК (103 500 теңге);

- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (172 500 теңге);

- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Ал егер олар заңды бір жыл ішінде қайталап бұзса, айыппұл көлемі артады.

Онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса

- жеке тұлғаларға – 20 АЕК (69 000 теңге);

- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (103 500 теңге);

- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (172 500 теңге);

- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Осы бап бойынша инфлюенсерлер (блогерлер) жасаған әрекеттерге де айыппұл көзделген. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 30 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне,

коммерциялық емес ұйымдарға – 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

«Көптеген азамат әлеуметтік желі арқылы қаржы тауып отыр»

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров депутаттардың бастамасымен әзірленген заңның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер еліміздің қоғамдық санасында өте үлкен рөл атқарып келеді. Сондықтан әлеуметтік желілердің дамуы адамдардың санасына өте терең әсер етеді. Осы тұрғыда рухани, саяси мәдениет жасау үшін әлеуметтік желілерді мемлекеттік реттеу керек. Сол себепті бұл заң - бүгінгі күні қоғамдық қатынастың негізгі факторы саналатын әлеуметтік желіні мемлекеттік реттеудің ең негізгі құралы, - дейді депутат.

Әлеуметтік желі елімізге плюрализм, демократия әкелді. Дегенмен ол зорлық-зомбылық, порнография, сонымен бірге әртүрлі қаржы пирамидаларын насихаттайтын құрал болып отыр. Міне, бұл - әлеуметтік желідегі осындай келеңсіздіктерден азаматтарымызды қорғайтын құрал.

Сонымен бірге халықаралық жағдай өте күрделі. Өздеріңізге білетіндей, Петропавлда сепаратистік пиғылдар болды. Сондықтан осы заң - әлеуметтік желідегі саяси сепаратизм және саяси экстремизмге қарсы құрал. Бұл заң халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Заңды қабылдамас бұрын, Еуропада, АҚШ-та және басқа да елдерде әлеуметтік желіні қалай реттеп жатқанына әртүрлі зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде осы заңға әлеуметтік желіні реттеудің еуропалық стандарттары да енгізілді. Шынын айту керек, Еуропада әлеуметтік желіні реттеудің құралдары біздікінен де қатаң. Бірақ біз оған енді қадам басқандықтан әлеуметтік желіні реттеудің либералдық моделі алынды, - деп айтты Сайыров.

Оның айтуынша, бастысы – елімізде бар барлық әлеуметтік желінің менеджементіне жаңа заң туралы айтылды және оны өз жұмысында қолдануға ешкім қарсы болмады.

Әлеуметтік желіде жаңа экономикалық қатынастар болып жатыр. Көптеген азамат әлеуметтік желіде жарнама жасау немесе оның көмегімен көптеген тауарды сату арқылы қаржы тауып отыр. Енді жаңа экономикалық қатынас болғандықтан міндетті түрде одан мемлекетімізге салық түсуі керек. Сол себепті осы заңның аясында әлеуметтік желіде экономикалық қарым-қатынасқа кірісіп отырған азаматтарды салық жүйесіне енгізудің де құралдары қарастырылған, - дейді мәжілісмен.

Депутат Сайыровтың айтуына қарағанда, бұл заң жеке тұлғалар үшін қарастырылған. Яғни егер жеке тұлғалар әлеуметтік желіде тауарды жарнамаласа немесе қандай да бір экономикалық қарым-қатынас жүргізсе, онда олар міндетті түрде салық төлейді. Қазір мұның механизмдерін салық органдары әзірлейді.

Заңда «әлеуметтік желіні пайдаланушы» және «инфлюенсер» (блогер) деген екі ұғым бар. Әлеуметтік желіні пайдаланушы егер экономикалық қарым-қатынас жасамаса, онда ешқандай салық төлемейді. Ал инфлюенсер әлеуметтік желіде курстарын жүргізсе немесе белгілі бір тауарды жарнамаласа, міндетті түрде салық төлеуі керек.

Өзгелердің жаңалығы