- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жалақы артып, табыс көбейеді: 2029 жылға дейін халықтың жағдайы жақсарады
Жалақы артып, табыс көбейеді: 2029 жылға дейін халықтың жағдайы жақсарады
2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының саны 3,8 млн-ға жеткізіледі.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
19 Тамыз 2026, 10:28
Жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын құру, инфляцияны төмендету және халықтың борыштық жүктемесін азайту – 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспардың негізгі бағыттары. Құжат аясында жұмыскерлердің жалақысын орта есеппен 10%-ға арттыру, ал төмен және орташа жалақы алатын азаматтардың табысын инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары өсіру көзделген. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қазақстан Үкіметі әзірлеген «Халықтың табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары» халықтың нақты табысын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Кешенді жоспардың негізгі мақсаты – тек жалақының номиналды мөлшерін арттыру емес, халықтың нақты сатып алу қабілетін жақсарту, сапалы жұмыс орындарын көбейту, адами капиталды дамыту, инфляцияны төмендету, әлеуметтік және салықтық қолдау шараларын жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың борыштық жүктемесін азайту.
Кешенді жоспар алты негізгі бағытты қамтиды және оның аясында барлығы 59 іс-шара қарастырылған.
Жалақыны орта есеппен 10%-ға арттыру көзделген
Жоспардың күтілетін нәтижелеріне сәйкес, 2026-2029 жылдары жұмыскерлердің нақты табысын арттыру мақсатында жалақыны орта есеппен 10%-ға көтеру жоспарланып отыр.
Сонымен бірге төмен және орташа жалақы алатын азаматтардың табысын инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары қарқынмен өсіру көзделген.
Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, бұл шаралар инфляцияны төмендету саясатымен қатар жүргізіледі.
Кешенді жоспардың негізгі мақсаты жалақының номиналды мөлшерін ғана арттыру емес, инфляцияны төмендету арқылы халықтың нақты сатып алу қабілетін жақсарту және табыстар арасындағы алшақтықты қысқарту, – деп атап өтті Бекболат Молдабеков.
Осы ретте 2029 жылға қарай инфляция қарқынын 5-7%-ға дейін төмендету нысаналы көрсеткіші белгіленген.
Ең төменгі жалақыны көтеру бойынша ұсыныс енгізіледі
Кешенді жоспардың алғашқы бағыты – «Жалақыны көтеру».
Оның аясында ең төменгі жалақыны көтеру бойынша ұсыныстар енгізу көзделген. Бұл ұсыныстарды 2026 жылғы желтоқсанға дейін енгізу жоспарланып отыр. Ал ең төменгі жалақының нақты мөлшері республикалық бюджетті бекіту кезінде айқындалуы тиіс.
Бұл бағытта коммуналдық саладағы табиғи монополиялар субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын арттыру, экономиканың сараланған секторларында сағаттық еңбекақы төлеу тәсілдерін әзірлеу қарастырылған.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдау алған бизнеске жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және еңбек өнімділігін көтеру бойынша қарсы міндеттемелер енгізіледі.
Бұдан бөлек, салалық және өңірлік келісімдер арқылы ең төменгі тарифтік мөлшерлемелерді, разрядаралық коэффициенттерді және зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайларындағы қосымша ақыларды реттеу шаралары көзделген.
Кешенді жоспар аясында ірі және орта кәсіпорындардың басшыларымен жалақыны арттыру мәселесі бойынша кездесулер өткізу, ірі сауда желілерінде төмен жалақы алатын қызметкерлердің табысын көтеру, коммуналдық сектордағы жұмыскерлердің еңбекақысы деңгейлерінің салааралық саралануын қысқарту жоспарланып отыр.
Сонымен бірге азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру мәселесін қарау және мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе орта және төменгі буын қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын саралап индекстеу бойынша шаралар қарастырылған.
2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының саны 3,8 млн-ға жетеді
Кешенді жоспардың екінші бағыты – «Сапалы жұмыс орындарын құру».
Осы бағыт бойынша 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн адамға дейін ұлғайту көзделген.
Жаңа жұмыс орындарын құру үшін Үкімет айқындаған 17 ірі кластерлік жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар инвестициялық жобалар стратегиялық маңызы, экспорттық әлеуеті, импортты алмастыру, жұмыспен қамту және еңбек өнімділігі сияқты өлшемшарттар негізінде іріктеледі.
Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалар арқылы да жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берілмек.
Сонымен бірге ірі мұнай-газ және тау-кен металлургия компанияларының әлеуметтік инвестициялық жобаларын іске асыру, экономиканың жекелеген секторларында еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
Халықты жұмыспен қамту ұлттық жобалар, Электрондық еңбек биржасы, жеке бастамалар және субсидияланатын жұмыс орындары арқылы қамтамасыз етіледі.
Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, «Даму» қорының кепілдік беру қорлары арқылы кредиттерге кепілдік беру, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдікті қаржыландыру тетіктері қолданылмақ.
Креативті индустрияларды мемлекеттік қолдау, мемлекеттік мүлікті шағын және орта бизнес субъектілеріне жалға беру тетігін жетілдіру де жоспарға енгізілген.
«Ауыл аманаты» арқылы 30 мыңнан астам микрокредит беріледі
Ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуды арттыру және тұрғындардың табысын көбейту үшін «Ауыл аманаты» жобасына да ерекше мән берілген.
Кешенді жоспардың күтілетін нәтижелеріне сәйкес, ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам бюджеттік микрокредит беру жоспарланып отыр.
Микрокредиттер ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылығын, ауыл шаруашылығы және өндірістік кооперацияны, сондай-ақ ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік қызмет түрлерін дамытуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары мен кооператив басшыларын агроқұзыреттерге оқыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және еңбек өнімділігін арттыру арқылы ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің табысын көтеру көзделген.
Ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің жалақысын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және кооперация есебінен көтеру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ауылдық жерлерде әртараптандырылған жұмыспен қамтуды дамыту шаралары жүзеге асырылады. Оның ішінде егін шаруашылығымен айналысатын ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығына тарту арқылы ауылдағы жұмыспен қамту бағыттарын кеңейту қарастырылған.
Дуальды оқыту кеңейтіледі
Кешенді жоспардың үшінші бағыты – «Адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру».
Бұл бағытта нақты сектордың қажеттіліктеріне сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрлар даярлау көзделген.
Сонымен қатар кәсіпорындармен дуальды оқыту бойынша ұзақ мерзімді әріптестікті кеңейту және кәсіпорындарда тәлімгерлік институтын дамыту жоспарланып отыр. Бұл жұмыс «Жастар практикасы» аясында да жүргізіледі.
2029 жылға дейін кемінде 15 мың тәлімгерді қамту және кәсіпорындармен 600-ге дейін меморандум жасасу арқылы дуальды оқытуды кеңейту күтіледі.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға басымдық беріледі
Кешенді жоспардың төртінші бағыты – «Инфляцияның төмендеуі және нақты кірістердің өсуі».
Осы бағыт бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру, азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесінің сақталуын бақылау шаралары қарастырылған.
Сонымен бірге жолаушылар тасымалы тарифтерін тежеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын теміржолмен тасымалдау тарифтерін 36%-ға төмендету, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жоспарланып отыр.
Бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорлары қалыптастырылып, қажет болған жағдайда тауар интервенциялары жүзеге асырылады.
Бұған қоса ішкі және сыртқы нарықтардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден 7 трлн теңгеге дейін қаржы ресурстарын тарту және банктердің бизнеске кредит беруін ынталандыратын қосымша реттеуші шараларды енгізу көзделген.
Әлеуметтік және салықтық қолдау шаралары жетілдіріледі
Кешенді жоспардың бесінші бағыты – «Салықтық және әлеуметтік шаралар».
Оның шеңберінде 2029 жылдан бастап ипотекалық пайыздар бойынша толық салықтық шегерімді қалпына келтіру мәселесін пысықтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау шараларын проактивті түрде ұсыну, «әлеуметтік әмиян» арқылы әлеуметтік қолдауды проактивті форматта көрсету көзделген.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті салықтық, мүліктік және қаржылық құралдар арқылы қолдауды жетілдіру, әлеуметтік осал санаттарды жұмыспен қамтуға бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қарыздарын қайта құрылымдау да жоспарға енгізілген.
Жекелеген санаттағы азаматтарды тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету шаралары да қарастырылған.
Халықтың борыштық жүктемесін азайту көзделген
Кешенді жоспардың алтыншы бағыты – «Борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржылық белсенділігін жақсарту».
Бұл бағытта банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, тұтынушылық кепілсіз қарыздар бойынша берешекті ұжымдық реттеудің бірыңғай платформасын іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу әдістемесін қайта қарау, білім беру кредиттеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіру, қаржылық өнімдер бойынша стандартталған негізгі ақпараттық құжат енгізу көзделген.
Қаржылық қызметтер көрсету кезінде жосықсыз практикалардың алдын алу, халықтың қор нарықтарына белсенді қатысуы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу де осы бағыттың міндеттеріне кіреді.
Бұдан бөлек, тұтынушылық қарыздардың азаматтардың төлем қабілеті мен борыштық жүктемесін ескере отырып берілуін бағалау, жеке тұлғаларға берілетін банктік қарыздар бойынша комиссиялар мен өзге де төлемдер тізбесін қысқарту қарастырылған.
Әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттары үшін банкроттық рәсімін оңайлату және жеке тұлғалардың проактивті банкроттығы тетігін іске қосу да жоспарланып отыр.
Жоспарды іске асыруға қанша қаражат бөлінеді?
Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды қаржыландыру әр шараның ерекшелігіне қарай нақтыланады.
Жекелеген шаралар республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат, бюджеттен тыс қаражат, мемлекеттік қолдау құралдары, инвестициялық жобалар шеңберіндегі қаржы, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты және нарықтық қаржы ресурстары есебінен іске асырылады.
Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2026 жылға арналған республикалық бюджетте 100 млрд теңге қарастырылған.
Ал кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауға арналған «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламаларын іске асыруға 2026 жылы 224 млрд теңге қаралған.
Жалпы, 2026-2029 жылдарға арналған іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталатын шығыстардың нақты көлемі республикалық бюджетті бекіту кезінде айқындалады.
Төмен жалақы алатын азаматтардың табысы қалай өседі?
Төмен жалақы алатын азаматтардың табысын арттыру үшін бірнеше тетік қарастырылған.
Біріншіден, төмен және орташа жалақы алатын жұмыскерлердің табысын инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары өсіру жоспарланып отыр.
Екіншіден, ең төменгі жалақыны көтеру бойынша ұсыныстарды 2026 жылғы желтоқсанға дейін енгізу көзделген.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындарға еңбекақы төлеу қорын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру немесе қолданыстағы жұмыс орындарын сақтау және еңбек өнімділігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелер енгізіледі.
Төртіншіден, салалық және өңірлік келісімдер арқылы ең төменгі тарифтік мөлшерлемелер мен жекелеген санаттағы жұмыскерлерге төленетін қосымша ақыларды реттеу шаралары қарастырылған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың табысын арттырудың негізгі құралдарының бірі ретінде кәсіпкерлікті дамыту және микрокредит беру белгіленген.
ШОБ қызметкерлерінің табысын арттыруға жағдай жасалады
Шағын және орта бизнес қызметкерлерінің табысын арттыру үшін Кешенді жоспарда бірқатар қаржылық және экономикалық қолдау құралдары қарастырылған.
Олардың қатарында «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша кредиттер сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, «Даму» қорының кепілдік беру қорлары арқылы кредиттерге кепілдік беру, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдікті қаржыландыру бар.
Сонымен бірге креативті индустрияларды мемлекеттік қолдау, мемлекеттік мүлікті ШОБ субъектілеріне жалға беру тетігін күшейту және «Ауыл аманаты» арқылы микрокредит беру жоспарланған.
Мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындарға еңбекақы төлеу қорын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және еңбек өнімділігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелер енгізу де қарастырылған.
Бұл шаралар кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін, инвестициялық белсенділігін және еңбек өнімділігін арттыру арқылы жұмыскерлер табысының өсуіне жағдай жасауға бағытталған.
Қай салаларда жалақы көбірек өседі?
Кешенді жоспарда жалақы деңгейіндегі салааралық айырмашылықты қысқарту және жекелеген секторларда еңбекақыны арттыру шаралары қамтылған.
Атап айтқанда, коммуналдық саладағы электр және жылу энергетикасы, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау ұйымдарының өндірістік персоналының жалақысын арттыру және осы секторлардағы еңбекақы деңгейлерінің салааралық саралануын қысқарту жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің жалақысын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және кооперацияны дамыту есебінен көтеру де көзделген.
Бұдан бөлек, өңір әкімдерінің төрағалығымен және ірі өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өндірістік персоналдың жалақысын инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары арттыру бойынша әлеуметтік әріптестік шаралары қарастырылған.
Бұл ретте тиісті шараларды кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында бекіту көзделеді.
Жалақыны арттыруға бағытталған шаралар ірі және орта кәсіпорындарды, сауда желілерін, сондай-ақ мемлекеттік және азаматтық қызмет салаларын да қамтиды.
Инфляция табыс өсімінен жоғары болса не болады?
Кешенді жоспар халық табысының нақты өсуін инфляция динамикасымен тікелей байланыстырады.
Үкімет Ұлттық Банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар биыл Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда.
Бағдарлама отандық өндірісті ынталандыруға, өндірістік және логистикалық тізбектерді нығайтуға, бәсекелестікті дамытуға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу құралдарын қолдануға, сондай-ақ теңгерімді тарифтік саясат жүргізуге бағытталған.
Мақсат – ішкі нарықтағы тауар ұсынысын ұлғайту және инфляциялық қысымды төмендету.
Инфляцияны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету үшін орташа қатаң ақша-кредит саясаты жүргізіледі.
Кешенді жоспар аясында төмен және орташа жалақы алатын азаматтардың табысын «инфляция + 2-3 пайыздық тармақтан» жоғары деңгейде өсіру көзделген. Ал 2029 жылға қарай инфляцияны 5-7%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Бұған қоса негізгі тауарлар мен қызметтердің бағасын тұрақтандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесін сақтау, тауар интервенцияларын жүргізу, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және тасымалдау тарифтерін төмендету секілді шаралар жүзеге асырылады.
2029 жылға қарай нақты табыс өсіміне басымдық беріледі
Кешенді жоспардың күтілетін нәтижелері бойынша жұмыскерлердің нақты табысын ұлғайту және жалақыны орта есеппен 10%-ға арттыру көзделген.
Сонымен қатар төмен және орташа жалақы алатын азаматтардың табысын инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары қарқынмен өсіру жоспарланып отыр.
Бұл ретте құжатта 2029 жылға қарай экономикадағы сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн адамға дейін жеткізу міндеті белгіленген.
Жоспардың негізгі шаралары бір-бірімен байланысты. Яғни жалақыны арттыру жаңа жұмыс орындарын құрумен, еңбек өнімділігін көтерумен, адами капиталды дамытумен және кәсіпкерлікті қолдаумен қатар жүреді. Ал халықтың нақты табысын арттыру инфляцияны төмендету және азаматтардың борыштық жүктемесін азайту шараларымен ұштастырылмақ.
Бекболат Молдабековтің айтуынша, Кешенді жоспардың түпкі мақсаты – халықтың номиналды табысын ғана емес, нақты әл-ауқатын арттыру.
Кешенді жоспардың негізгі мақсаты – халықтың нақты сатып алу қабілетін жақсарту және табыстар арасындағы алшақтықты қысқарту, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Ең оқылған:
- «Менде осындай сынақ болып тұр»: Данияр Елеусінов ішімдікке салынғанын мойындады
- Жаңбыр, найзағай, бұршақ: 15 өңірде дауылды ескерту жарияланды
- «Әйелге әлімжеттік жасау – адамдықтың ең төменгі шегі»: Димаш Құдайберген зорлық-зомбылықты қатаң айыптады
- Астанада TikTok-та әдепсіз видео жариялаған шетелдікке айыппұл салынды
- Қазақстан туристер үшін ең қауіпсіз елдердің қатарына енді