Жағдай ушықса, көпсалалы ауруханалар қайтадан инфекциялық мақсатта пайдаланылады – Сағынтаев

25 Маусым 2021, 13:05
1974
Бөлісу:
Жағдай ушықса, көпсалалы ауруханалар қайтадан инфекциялық мақсатта пайдаланылады – Сағынтаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.

Оның айтуынша, маусым айының басында қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып «жасыл аймаққа» енген болса, бүгінгі күні эпидахуал күрделеніп, күніне жүзден артық науқас тіркелуде. Бүгін қалада 181 адамның вирусқа шалдыққаны анықталды.


Науқастарды емдеуге 7 011 төсек-орын дайындалған. Жағдайдың тұрақталуына байланысты оның тек 1 730-ы пайдаланылып келді. Қазір сол 1 730 орынның 33 пайызы толық. 23 маусымнан бері вирустың репродуктивтілік көрсеткіші өсіп келеді. Оған дейін көрсеткіші бірден төмен болса, қазір 1, 12 пайыз деңгейіне жетті. Егер жағдай күрделенетін болса, қаладағы үш көпсалалы аурухана қайтадан инфекциялық науқастарды емдеуге көшеді. Қазірдің өзінде оларды осы мақсатта пайдалануға дайындық жүргізіліп, жоспарлы науқастарды қабылдау тоқтатылды, - деді әкім. 

Сағынтаевтың сөзінше, жағдай осылай жалғаса берсе, қазіргі «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» өту қаупі бар.

Үндістандық штамм бізді соған алып келе жатыр. Оны ушықтырмаудың бірден бір жолы - вакцина алу. Әлемдегі онымен күрестің тәсілі осы. Қазіргі күні қала тұрғындарының 403 мыңы вакцинаның бірінші компонентін, 226 мыңы екінші компонентін алды. Демек вакцина алуға жарамды бір миллион бір жүз адамның 403-і вакцина алып, пайызға шаққанда халықтың 34 пайызы вакцинацияланды, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы