"Жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал". Аймағамбетов мектептерге қатысты мәселені көтерді

Бөлісу:
"Жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал". Аймағамбетов мектептерге қатысты мәселені көтерді
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов халықпен кездесулер басталғанын және жекеменшік мектептер қандай проблемаларды көтеріп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың мәліметінше, бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болатын. Бүгінде олардың саны 800-ден асты. Аймағамбетов бұл – Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі екенін атап өтті.

Осылайша, жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектеп үш ауысымнан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Жекеменшік мектептерге әртүрлі көзқарастар болуы мүмкін, олардың сапаға қатысты проблемалары да бар, бірақ мектептер арасында альтернатива мен бәсекелестіктің болуы жалпы жүйе үшін пайдалы, - деп есептейді депутат.

Асхат Аймағамбетов қазір жекеменшік мектептердің дамуы алаңдатып отырғанын қоса кетті.

Көптеген мектеп, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр.

Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектеп 2023-2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілді, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал екенін айтады.

Жекеменшік мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдік бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін, - деп қоса кетті ол Facebook-тегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы