Жәбірленушілерге қандай жағдайда қанша теңге беріледі?

5 Қазан 2021, 12:42
4581
Бөлісу:
Жәбірленушілерге қандай жағдайда қанша теңге беріледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да жәбірленушілерге өтемақы қоры және адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы өткен брифингте айтты.

2014 жылы ҚР жаңа Қылмыстық-процестік кодексі қабылданғаннан бастап оның 173-бабын іске асыру үшін Қаржы министрлігі ІІМ-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңын әзірледі. Ол 2020 жылғы 1 шілдеден бастап іске асырылуда. Кінәлі адамдар ұсталғанға және соттың істі қарағанға дейін қылмыстық құқық бұзушылықтардан зиян шеккен жәбірленушілерге өтемақы төлеуді көздейтін заң республикамызда алғаш рет әзірленді, - деді Әділов.
Ол атағандай, заңда өтемақы көзделетін ҚК-нің 46-бабы бойынша жәбірленушілердің үш санатын көздейді.
Бірінші санат – сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер болып табылатын кәмелетке толмағандар, адам саудасымен және азаптаулармен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер деп танылған адамдар. Өтемақының мөлшері – шамамен 90 000 теңге. Екінші санат – денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар. Өтемақының мөлшері – шамамен 120 000 теңге, - деді ол.
Әділов атағандай, үшінші санатқа жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар жатады.
Өтемақының мөлшері – шамамен 150 000 теңге. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары төлемдердің тізбесін жүргізеді және төлемдерді жүргізетін Қазынашылыққа ай сайын ұсынады. Егер цифрларға келетін болсақ, 2020 жыл ішінде 262 жәбірленуші өтемақы алған. Оларға жалпы сомасы 22 640 000 теңге өтемақы төленді, бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы