Жақсыбеков, Исекешев, Шөкеевтің орынбасары болған: Індеттен қайтыс болған Айтмұхаметов туралы не білеміз?

16 Шілде 2020, 13:07
1641
Бөлісу:
Жақсыбеков, Исекешев, Шөкеевтің орынбасары болған: Індеттен қайтыс болған Айтмұхаметов туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 15 шілдеде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов 57 жасында мезгілсіз қайтыс болды. 

Осы ретте бұл шенеунік туралы не білеміз?


Қосман Айтмұхаметов 1963 жылы 29 тамызда Ақмола облысы Бестөбе ауылында дүниеге келген. Ақмола инженерлік құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша (1986 жыл), Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығы бойынша (2006 жыл) тәмамдаған.

Еңбек жолын 1983 жылы Ақмола облысының "Изобильный"  кеңшарында жұмысшы болып бастаған Қосман Қайыртайұлы 2008 жылы "Астана Горкоммунхоз" басқармасының төрағасы қызметіне дейін жетеді. Арада бір жыл өткенде туған жеріне келіп, әкім орынбасары қызметіне кіріседі. Бұл кезде әкім қазіргі Мәжіліс депутаты Альберт Рау болатын.

Одан кейін Сергей Дьяченкоға, Қайрат Қожамжаровқа орынбасар болды. Сосын 2013-2014 жылдары өзі де осы облысты басқарды. Одан кейін 2014 жылы екі ай Өңірлік даму вице-министрі, сол жылы тамызда 2014 жылдың тамыз айында Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.  

Ал қараша айында Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кірісті. Бұл кезде әкім Әділбек Жақсыбеков болатын. Одан кейін Әсет Исекешов пен Бақыт Сұлтановпен де бірге жұмыс істеді. Энергетика, коммуналдық шаруашылық, қоршаған ортаны қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және төтенше жағдайлардың алдын алу, қалалық қоғамдық көлік және көлік инфрақұрылымы саласына жетекшілік етті.

Сосын Жансейіт Түймебаевтың шақыруымен солтүстіктен оңтүстіктегі Түркістанға кетті. Кейін Өмірзақ Шөкеевпен тіл табысты. Екеуі бір-бірін бұрыннан таниды.

Шөкеев Астана әкімі болғанда, ол "Астана қалалық коммуналдық шаруашылық" АҚ басқарма төрағасы болған.

Қосман Айтмұхаметовтың басшылары болған шенеуніктер көңіл айтып, естеліктерімен бөлісіп жатыр.

Өкінішке қарай, коронавирус құрбандары күн сайын артып келеді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Ақмола облысының бұрынғы әкімі және Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметов өмірден өтті. Мен онымен астана әкімдігінде бірге жұмыс істеп едім, - дейді Исекешев Facebook парақшасында.

Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл қаралы хабар мен үшін өте ауыр болды деп жазды. 
Өзімнің әріптес бауырым, бірінші орынбасарым Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметовтің қазасы туралы суыт хабарды естігенде төбемнен жай түскендей күйде болғанымды жасыра алмаймын. Жүрек қан жылап тұр. Қазақстан еліне белгiлi азамат, құрметтi әрiптесім Қосман Қайыртайұлының дүниеден өтуін ауыр күйзелiспен қабылдадым. Қимастық сезімімді жеткізу қиынға соғуда, - деді Шөкеев. 

Облыс әкімі Шокеев Қосман Айтмұхамбетов саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнағанын айтты.
Біз екеуміз сонау ел астанасы – Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшкен сәттен бастап етене танысып, қала басшылығында жүрген жылдары сенiмдi серiктерімнің, адастырмас ақылдастарымның бiрi бола білді.⠀Мемлекет және қоғам кайраткері, абзал азамат Қосман Айтмұхаметов әрбiр iстiң көзiн таба бiлетiн бiлiктi де талапшыл басшы еді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары кезінде Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның жаңаша кейіпке енуіне, Арыс қаласындағы жарылыстан туындаған төтенше жағдайдың зардабын жоюға атсалысып, сондағы үйлердің соңғы шатыры жабылғанша барын салып құрылыстың басында жүрді. Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдарын жою шараларына да өлшеусіз үлес қосқан Қосман Қайыртайұлының мезгілсіз өмірден өтуі бәріміздің де жанымызды күйзелтіп кетті, - деді ол. 

Шөкеев бірінші орынбасары облыстың сүбелі дамуына өлшеусіз үлес қосқанын айтты. 
Өз ісіне деген адалдығы мен жоғары жауапкершілігінің арқасында Қосман Қайыртайұлы көптің құрметіне бөленумен қатар өңірдің көркеюіне, облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуына сүбелі әрі өлшеусіз үлес қосты. Саналы ғұмырын ұлт қызметіне, мемлекет ісіне арнаған азаматтың өмір жолы, өнегесі кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі болып қала берері анық. "Жақсының аты өлмейді" дейді халқымыз. Мемлекеттік істе өз өрнегі, қайталанбас қолтаңбасы бар азаматтың өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын. Асыл азаматтың бейнесi жадымызда ұзақ сақталады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы