Жаңа жылды Қазақстаннан кейін қарсы алатын 10 ел

1 Қаңтар 2020, 01:13
19726
Бөлісу:
Жаңа жылды Қазақстаннан кейін қарсы алатын 10 ел
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан біраз уақыт бұрын еліміз 2020 жылды қарсы алды. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев барша халықты жаңа жылмен құттықтап, жарқын болашаққа сенетінін жеткізді. Алайда әлемде уақыт белдеуіне байланысты жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатқан елдер жеткілікті. Осы орайда назарларыңызға Қазақстаннан кейін жаңа жылды қарсы алатын 10 елді ұсынамыз.

1 (1).jpg

Ресей халқы Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 3 сағаттан кейін қарсы алады. Бұл жақта мереке көңілді әрі ұзақ тойланады. Адамдардың көбі Жаңа жылды 31 желтоқсаннан бастап қаңтардың онына дейін тойлайды.

Ресейліктер жергілікті заң бойынша шамамен он күн демалысқа шығады. Бұл уақыт ішінде олар көп шаруа тындырады: барлық туған-туысқанға, дос-жарандарға барып, хал-жағдай сұрасады, Жаңа жылдық шырша және басқа да мерекелік іс-шараларды тамашалайды, тіпті өздеріне қысқы демалыс жасап, басқа қалаға немесе елге барып келеді.

Ал 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған Жаңа жыл түні ресейліктер туған-туыстарымен бірге болады, өйткені бұл отбасылық мереке болып есептеледі.

2.jpg

Түркияда Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 3 сағаттан соң қарсы алады.

Жаңа жыл (Йылбаши) Түркияда ресми мереке болса да, оны еуропалық сипатта тойлау құпталмайды. Түркия мұсылмандарының басшысы түріктерді шыршаны безендірмеуге және Аяз атаны шақырмауды сұрап үндеу жасайды. Алайда, Түркияның тұрғындары басқа елдердің салт-дәстүрлеріне түсіністікпен қарайды және шырша, шам, Аяз ата – бұл кәдімгі кеңестік мереке символы деп есептейді.

Үлкен қалаларда шыршалар, көшелер безендіріледі, түн ортасында аспанға отшашу атылады. Басты салтанатты шаралар Стамбулда өтеді.

Жергілікті халық Жаңа жылды мол дастархан басында қарсы алады, онда әсіресе тәтті тағамдар көп болады. Түріктердің Жаңа жылы тыныш мереке. Ол ресми түрде рұқсат етілгенімен, жергілікті жерлерде көп тойлана бермейді, өйткені ел мұсылмандарына жат мереке болып саналады.

3.jpg

Гректер Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 4 сағаттан кейін қарсы алады. жаңа жылды ерекше мереке санатына жатқызып, ежелгі дәстүрлер бойынша барынша атап өтуге тырысады. Грекиялық жаңа жылды атап өтудің басты ерекшелігі - тас сыйлау. Мереке күні туған-туыстары мен достарына қонаққа барған адамдар міндетті түрде өзімен бірге сыйға тарту үшін тас алып (неғұрлым үлкен) жүреді. Қонаққа келетін үйіне келген кезде гректер әлгі тасты үйдің тура табалдырығына тастайды. Мұндағы тілек - үй иесінің әмияны осы тас секілді үлкен болсын дегені.

Жаңа жыл түнінде бүкіл отбасы жарықты сөндіріп, үйдің кіреберісіне шығады да, табалдырыққа анар жемісін ұрып жарады. Анардың дәні бүкіл аулаға шашылып кететіндей табалдырыққа қатты ұру керек. Дән көп шашылған сайын - тиының көп болады.

Балалар осы кезде аулаға жүгіріп шығып, анардың үлкен дәндерін жинап алады.

Жаңа жыл мерекесі күні гректер үйіне оң аяқпен кіреді. "Анарды жарғаннан" кейін бәрі үйге оң аяғымен кіріп, мерекені жалғастырады. Грекияда балалардың өз Аяз атасы – Қасетті Василий бар. Гректер міндетті түрде жаңа жылдық дастарханға 9 түрлі тағамды қоюы тиіс.
4.jpg

Мажарстанда (Венгрия) Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 5 сағаттан соң қарсы алады. Алдымен Қарашен (Рождество) тойланады. Осынау салтанатты мерекеден кейін мажарлар Жаңа жылдық кешті де лайықты атап өтуді ұмыт қалдырмайды. Келіп жатқан жаңа жыл сәттілікті көптеп әкелуі үшін мажарлар жылдағы дәстүрді орындап, «Сабан Джек» атты тұлыпты өртеуі керек. Бірақ, өртемес бұрын мажарлар Джекті бүкіл көшелердің бойымен көтеріп алып жүріп, өткен жылдан қалып бара жатқан қаладағы барлық бәле-жаланы жинап алады. Осыдан кейін Джек отқа оранып, өзімен бірге барлық бәлені алып кетеді-мыс.

Мажарлар жаңа жыл дастарханына тауық етін қоюды жаман ырымға балайды екен. Олардың пайымдауынша, тырнақтары өткір тауық кісі баласынан бақытын тартып алуға қауқарлы. Тауықпен бірге осы мереке кезінде мажарлар күркетауықты да жемейді. Себебі, ол құс та наным бойынша адам баласына қайғы әкелуі мүмкін. Нан - жаңа жыл мерекесінің басты тағамдарының бірі. Нанды мажарлар дастарханға шағын бөлікпен кеседі. Олай етпесе, жаңа жылда бақыт келмейді деген ырым бар.

5.jpg

Италия халқы Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 5 сағаттан кейін қарсы алады.

Италия халқы Жаңа жылда Бефана атты мейірімді пері үй-үйді аралайды деп сенеді. Ол алтыннан жасалған кішкентай кілтімен балалар ұйықтап жатқан бөлмені ашып, олардың шұлықтарының ішіне сыйлықтарын тастап кетеді-мыс.

Ал жыл бойы бұзықтық жасап, ата-анасын ренжіткендердің бөлмесіне күл немесе көмір сеуіп кетеді. Италиялықтардың "Аяз атасы" – Баббо Натале. Италиялықтар жаңа жыл қарсаңында үйіндегі ескі-құсқы заттарды да лақтыра бастайды. Қоқысқа тасталған ескі заттардың орнын жаңа нәрселер басады деген сенім бар.   Ал жаңа жылдық дастарханға грек жаңғағы, жүзім қойылады.

6.jpg

Испанияда Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 5 сағаттан кейін қарсы алады.
Мұнда ерекше жаңа жылдық дәстүр аталып өтеді. Яғни, шартты түрде жас жігіттер мен қыздардың некесі қиылады. Ол үшін жеребе тасталып, сол шек бойынша бірге түскен жұптар мереке аяғына дейін отбасы болып есептеледі.

Әрине, қазіргі таңда мұның әзіл-сықақтық қана мәні бар. 

Бұдан бөлек, мереке қарсаңында испандықтар қонаққа барарында сыйлық себетіне шампан сала баруды әдет еткен. Және бір ескертерлік жайт – Жаңа жыл ол елде қоғамдық мейрам іспетті. Өйткені, нақ осы түні қалың бұқара орталық алаңға жүзім жеуге барады. Сағат тілі соғысымен әрбір испандық 12 жүзім жеуге тырысады. Яғни, осы рәсім орындалатын болса, алдағы жылы тілек орындалады деп біледі.

7.jpg

Франция халқы Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 5 сағаттан кейін қарсы алады.

Француз Аяз атасы  Пер Ноэль  Жаңа жыл түнінде  балалардың аяқ киімдеріне сыйлықтар қалдырады.  Кімге боб түріндегі жаңажылдық пісірілген бәліш тисе, «Боб королі» титулын иеленеді және Жаңа жыл түні оның бұйрықтарына барлығы бағынады. Бұл күні шыршаның түбіне ағаш немесе саздан жасалған түрлі ойыншықтар қойылады.

Француздықтар Еуропаның басқа халықтары секілді бұл күні көңіл көтеріп, қыдырады және дастархан басында тойлайды.Олар көшеге мерекелік костюм киіп шығады.

Егер француздықтар Рождествоны үйде атап өтсе, Жаңа жылды мейрамханада немесе қонақта қарсы алады.
Халықтың сүйікті шараларының бірі жаңа жылдық ұтыс ойнау. Сыйлық түкке тұрғысыз болса да, жиналғандар оны ерекше ықыласпен ойнайды. Пісірілген тауық, күрке тауық, шошқа етін де сыйлыққа береді.

Безендірілген шырша тек үйде ғана емес, көшелерде, барлық шіркеулерде болады. Шыршалардың маңында жаңа жылдық іс-шаралар, концерттер мен мерекелік бағдарламаар өтеді.

8.jpg

Бразилияда Жаңа жылды 9 сағаттан кейін қарсы алады. Қайық үстіндегі ақжарма тілек Бразилиядағы жаңа жыл - жазғы мереке. Себебі, 31 желтоқсанда Бразилияда күн шыжып, жағажайларда нағыз жаздың жаймашуағын тамашалай аласыз. Мереке басталмай біршама уақыт бұрын Бразилиядағы көшелердің бәрі де шамдармен, гирляндтармен безендіріліп, шыршалар орнатылады. Көптеген елдерде жаңа жыл отбасылық мереке ретінде аталып өтсе, Бразилияда жаңа жылды тойлау сипаты өзгеше.

Мұнда керісінше, дос-жарандардың бәрі шулы топ-топ болып бірігіп, мейрамханаларда, түнгі клубтарда жиналады. Бразилиялықтар жаңа жылды бимен, әнмен қарсы алады. Бразилиялықтардың жаңа жылдық өзіндік дәстүрлері бар. Мысалы, жаңа жыл түнінде оларды қызық бір ритуал бар: бразилиялықтар 12 жүзім жеп, тілек тілеуі керек. Жаңа жылға санаулы сәттер қалғанда бразилиялықтар секундтарды дауыстап санап, соңғы сәтте аспанды отшашулар жауып кетеді.

Бразилиялық жаңа жылдың ерекшелігі - африкалық салттар мен салтанаттарға негізделуінде. Әсіресе, Бразилияның жағажайларында, Рио-де-Жанейрода африкалық мәдениеттің іздерін айқын аңғаруға болады. Жаңа жылда бразилиялықтардың сенімі бойынша аруақтардың қаһарын бәсеңдету дәстүрін орындауы керек. Сол себепті, әр бразилиялық африкалық әйел құдай - Иманжеге құрбан сыйларын беріп, тәу етуі керек. Ағаш қайықтағы жанып тұрған шамдар теңізге жіберіліп, тілек тіленеді. Шам неғұрлым алысқа барып, өшпегенше - тілектің орындалу мүмкіндігі де мол.

9.jpg

Гренландияда Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 9 сағаттан кейін қарсы алады. Бұл инуиттер (арктикалық халық) мен аздаған еуропалықтар (көбі дат) қоныстанған солтүстіктегі ел. Гренландиядағы дәстүрлер тоғысы - Жаңа жылды қарсы алудың бірегей дәстүрін қалыптастырған. Гренландияда жаңа жылда ерекше сыйлық алуға болады. Мұздан айрықша ойылып алынған аюлар мен морждардың, еліктердің бейнесі ұмытылмас сыйлық болары хақ. Мұндай сыйлықтарды Гренландияда ұзағынан сақтай аласыз. Себебі, ол жақта жылдың басым уақытын кәрін төккен «кәрі құда» қонақтап алған. Мұзды сыйлықтан бөлек, гренландиялықтар бір-біріне морждың азу тісін, итбалықтың терісінен тігілген қолғапты, ұлттық киімдерді, әсіресе жылы киімді сыйлауға тырысады. Балалардың жаңа жылда өз Аяз атасы - Юлетомте атасы құттықтайды.

Дәстүрлі әрі экзотикалық безендіру: терезеге жапсырылған рождестволық жұлдыздар, шырша, шам мен гирляндтарты дәстүрлі еуропалық сипатпен салыстыруға болады. Ал сабын тастар мен ағаштардан ойылып жасалған морждар мен итбалықтардың мүсінін, инуиттердің құдайының мүсінін әлемнің басқа жерінен кездестіре алмайтыныңыз анық. Бұл сыйлықтардың бәрі де гренланиялықтардың сенімі бойынша сәттілік әкеледі.

10.jpg

Кубада Жаңа жылды Қазақстаннан кейін 11 сағаттан соң қарсы алады.

Кубалықтар жаңа жылда қалай көңіл көтеру керектігін біледі. Кубадағы жаңа жыл - ерекше салты бар, жарқын мереке. Кубада жаңа жылда терезеден су шашу негізгі дәстүрлердің бірі есептеледі. Ол үшін кубалықтар алдын ала үйдегі барлық ыдыс-аяқтарды суға толтырып қояды екен. Ал кеш батқанда судың бәрі сыртқа шашылып, бұл дәстүр жаңа жылда жолдың жарқын болсын деген тілекті білдіреді.

Шыршаның орнына пальмаларды, кактустар мен араукарияларды әрлеу, бетпердемен өтетін карнавалдар - кубалықтардың жаңа жылдағы дәстүріне айналып кеткен.

12 сағаттың ішінде 12 жүзім жеу арқылы ондағы халық өткен жылдың әр сәтін еске алады. Желінген әр жүзім сайын бір тілек тіленеді. Кубалықтар ең соңғы жүзімді - ең тәтті тілекке қалдырады.

Жаңа жыл кешінде балалар Аяз аталардан - кубаша Вальтасар мен Гаспардан, Мельхиордан сыйлық алады. Үлкендерге бұл күні дәстүрлі түрде кубалық сигаралар мен әйгілі кубалық ром тарту етіледі.


Өзгелердің жаңалығы