Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есеп беру кезінде айтты.
2019 жыл Жастар жылы деп қабылданғанын білесіздер. Жұмыс істеп жатқан жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Алматы әкімдігі "Алматы жастары" бағдарламасын іске асырды. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын табады. Бұл бағдарламаның кереметтігі төменгі пайыздық мөлшерлемемен, яғни 5% жеңілдікпен 13 млн теңгеге дейін қарыз беріледі, - деді әкім.
Әкімнің айтуынша, бұл бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі әр адамға жекелей қаралады. Яғни төлем қабілеттілігіне қарай 3-25 жыл аралығында. Алғашқы жарна 10 пайыз.
Бұл бағдарламаға қала әкімдігі 10 млрд теңге бөлді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге бөліп отыр. Бағдарламаға қатысушыларға бірінші және екінші деңгейлі баспананы алу мүмкіндігі қарастырылған, - деді Сағынтаев.
Сондай-ақ ол бұл бағдарламаға бюджет саласында қызмет етіп жатқан жастар, мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО оытушылары, мәдениет пен спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар қатыса алатынын айтты.
Алматы еліміздегі ең үлкен қала, мұнда 8,4 мың көппәтерлі үй бар. Үй кезегінде тұрғандар саны жыл сайын өсіп жатыр. Қазір баспана кезегінде 25 533 азамат тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мыңға жоғары. Өткен жылы 3162 мың адам баспанамен қамтылды, оның 520-сы көпбалалы отбасы және 114 балалар үйінің тәрбиеленушілері. Сондай-ақ 1050 жұмыс істеп жатқан жастарға жалдамалы пәтердің кілті табысталды, - деді қала әкімі.
Жиын барысында ол 2020 жылы 3810 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның ішінде мыңға жуық пәтер "Бақытты отбасы" бағдарламасымен берілмек.