Алматы, BAQ.KZ. Болашақ аналар коронавирус инфекциясы туралы нені білуі керек? Алматы қаласы №2 қалалық емхананың дәрігерлері жүкті әйелдермен ZOOM қосымшасы арқылы конференция өткізіп, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді.
Конференция барысында COVID-19 инфекциясы болған жағдайда «Кесарь тілігін» жасау керек пе? Вирус ұрыққа анадан беріле ме? Коронавирус инфекциясынан қалай сақтануға болады?, деген сұрақтар төңірегінде кеңестер берілді.
Дәрігерлердің айтуынша, COVID-19 вирусы бар жүкті әйелдерге «Кесарь тілігін» жасау міндетті емес.
Босану процесінде хирургиялық тәсілді тек акушерлік көрсетілімдер мен белгілер болған кезде ғана жасалады. Шет мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, вирус жұқтырған аналардан туған балалар вирусқа оң нәтижесін берген жоқ. Ал, коронавирусты жұқтырмас үшін жеке гигиена мен маска режимін сақтау қажет, - делінген хабарламада.
Жүкті әйелде төмендегі белгілер пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгінуі керектігі ескертілді:
• Дене температурасының жоғары болуы
• Жөтел
• Тыныс алудың қиындауы
• Әлсіздік
• Бас ауруы
• Бұлшықеттердің ауырсынуы
• Жүрек айнуы
• Құсу
• Диарея
Алматы емханалары алдағы уақытта әр 10 күн сайын осындай онлайн конференция өткізіп, ақыл-кеңестер беруді қолға алып отыр.
Дәрігерлердің келесі онлайн-конференциясы мүгедек жандармен өтеді.