Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасы мен Директорлар кеңесінің шешімімен Әділбек Жақсыбеков «ҚазТрансГаз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін осы қызметті атқарған Қайрат Шәріпбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасы келісімі негізінде «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының көлік және маркетинг жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқармақ.
Компанияның бас директоры қызметін атқарған Рустам Сүлейманов «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып ауысты.
Әділбек Жақсыбеков – мемлекеттік органдардағы басшылық қызметте үлкен тәжірибесі бар. Бұған дейін ол Индустрия және сауда министрі, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы, ҚР Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қорғаныс министрі, Мемлекеттік хатшы, Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарды. 2018 жылдан 2019 жылға дейін ол «Цесна Корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болды, - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: