Бұл туралы Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, ішкі істер ведомствосына интернет алаяқтардың құрығына түсіп, несие алғандар көп жүгінеді.
Адамдар мұндай істерді тергеу мен тексерудің күрделілігін түсініп, тіпті өздерінің қателіктерін мойындайды. Алайда: «Неліктен банктер адамның оны төлеу мүмкіндігін ескерместен несиені рәсімдей береді?» деп сұрайды. Бір ғана мысал келтірейін. Қостанай облысында «WhatsApp қоңырау» бойынша инвестицияға ақша салуды ұсынған шетелдік алаяқтың арбауына түскен. Салдарынан екі банктен алты онлайн тұтыну несиесі мен бір микроқаржы ұйымынан 21 млн теңге қарыз алып, алаяқтың шотына аударған. Полицияға тек арада екі апта өткен соң ғана хабарласқан. Біз қылмыскерлердің тұлғасын анықтап, процессуалдық баға бердік. Мәселенің екінші жағы бар. Жәбірленушінің ай сайын алатын зейнетақысы – 150 мың теңге, ал несиеге төлейтін төлемі – 350 мың теңге. Зейнеткер не істерін білмей отыр, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол ІІМ тергеушілері өздерінің құзыреттілігі аясында банк мекемелеріне сәйкес ұсыныстар енгізіп жатқанын айтты.
Соның негізінде азаматтарға ондай несиелер бойынша төлемдер уақытша тоқтатыла тұрады. Бірақ ол уақытша екенін ескерткім келеді. Интернет-алаяқтық туралы қылмыстық істерді тексеру кезінде барлық қылмыс зардап шегушілердің сенгіштігінің кесірінен жасалғаны белгілі болды. Ұлттық банк биыл тамызда азаматтардың несие алудан ерікті бас тартуы бойынша мобильдік қызметті іске қосты. Қазір халықтың несие жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін басқа да шектеулерді қабылдау қажет, - деді Игорь Лепеха.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтардың банктерге қарызы күн санап өсіп келеді. Қазірдің өзінде 18 трлн теңгеге жеткен.