Алматы, BAQ.KZ. Жыл сайын жүргізілетін тәуелсіз әлеуметтік зерттеу қорытындысына сай халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығы, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенім деңгейі айқындалды. Бұл туралы БЖЗҚ мәлімдеді.
Зерттеу нәтижесі бойынша бір жыл ішінде Қорға деген сенім деңгейі 10 балдық жүйемен есептегенде 5,7-ден (2017 жылдың желтоқсаны) 6,4 балға дейін өскен, ал зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейі 10 балдық жүйемен есептегенде 5,9-дан (2017 ж желтоқсаны) 6,3 балға дейін артқан.Зерттеу Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызға ие 3 қаласының тұрғындарына жаппай сауалнамалық сұрақтар қою әдісі бойынша жүргізіліпті.
«Халықтың отандық зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейін анықтау аясында сауалнамаға қатысушыларға сенім деңгейін он балдық жүйе бойынша бағалау ұсынылды. Мұнда «10» саны – толық сенімді, ал «1» - зейнетақы жүйесіне мүлдем сенбеушілікті білдіреді. Зерттеу көрсеткендей, халықтың Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің орташа көрсеткіші 6,3 балл деңгейінде қалыптасты. Жалпы БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейінің көрсеткіші Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің көрсеткішімен тығыз байланысты. БЖЗҚ шын мәнінде қазіргі зейнетақы жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Сауалға жауап берушілердің көпшілігі Қорды жүйе жұмысын жүзеге асыру құралы ретінде қарайды. Соған қарамастан, сұхбат берушілер Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің жоғары екендігін көрсетті», - делінген хабарламада.
Облыстар мен республикалық маңызға ие қалалар тұрғысынан алып қарағанда, зейнетақы жүйесіне ең көп сенім білдіргендер Алматы (7,19 балл) мен Жамбыл (7,13 балл) облысы және Алматы қаласының (7,10 балл) тұрғындары болған. Шығыс Қазақстан (5,16 балл), Ақтөбе (5,01) және Қарағанды облысының (4,71) респонденттері Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесіне аз сенім білдіретіндер болып шықты.
Егер қала және ауыл тұрғындарының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейін салыстырып қарайтын болсақ, онда Қазақстанның 10 облысында (14 облыстың ішінде) бұл көрсеткіш қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындары тарапынан жоғары. Ауыл халқының сенім деңгейінің орташа көрсеткіші – 6,4 балл болса, ал қала тұрғындарына қатысты көрсеткіш – 6,09 балл.