Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қайтыс болған адамнан қалған Зейнетақы жинақтарын өз зейнетақы шотына аударуға бола ма?
«БЖЗҚ-ға Марқұм әкемнің шотынан 7 миллион теңге маған мұраға қалды. Бұл ақшаны зейнетке шыққанда есептелген инвестициялық табыспен бірге пайдалану үшін БЖЗҚ-дағы МЗЖ шотыма сала аламын ба?» деген сауал келіп түскен.
Міндетті зейнетақы жарналары – агенттер (жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар) міндетті түрде төлеуі тиіс ақша. МЗЖ есептеу нысаны қызметкердің ай сайынғы табысы болып табылады. Ал мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтары жұмыскердің табысы емес. Осыған байланысты мұраға қалдырылған ақшаны МЗЖ-ны есепке алу үшін өзіңіздің жеке зейнетақы шотыңызға (ЖЗШ) сала алмайсыз.
Алайда, бұл қаражатты ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) түрінде басқа ЖЗШ-ға аударуға мүмкіндігіңіз бар. Осы соманы жеке тұлғалар өз пайдасына және өз бастамасы бойынша төлей алады.
Осылайша, сіз мұраға алған ақшаны БЖЗҚ-ға ЕЗЖ ретінде ғана аудара аласыз.
Сізге ЕЗЖ шотын ашудың қажеті жоқ, өйткені бұл қызмет ЕЗЖ аудару кезінде жеке тұлғаның өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы жарнаның негізінде жүзеге асырылады. Әрі салымшы (алушы) алғашқы жарна түскен күннен бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.