«Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану тетігін ашық әрі бақылауға ыңғайлы ету жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, кейбір азаматтардың қаражатты мақсатсыз пайдалануы салдарынан бұл мүмкіндік уақытша шектелген.
Халық қаражаттының 10%-ы мақсатсыз пайдаланғандықтан, 90% азаматтың осы мүмкіндіктен айырылғаны өкінішті, – деді Ибрагимова.
Банк басшысының айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін бұл процесті толық цифрландыру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе аясында стоматологиялық клиникалар мен медициналық қызмет көрсететін ұйымдар арнайы платформаға енгізіледі.
Жүйеде стоматологиялық клиникалар мен қызмет көрсететін барлық медициналық ұйымдар болады. Атқарылған жұмыстар актісі онлайн форматта рәсімделеді. Денсаулық сақтау министрлігімен интеграция жасалады. Барлығы ашық әрі түсінікті болады, – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда тісті емдеуге зейнетақы жинағын пайдалану бойынша өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 15 сәуірге дейін тоқтатылған. Мұндай шешім жалған құжаттар мен заңсыз рәсімдеу фактілеріне байланысты қабылданған.