Зейнетақы жинағы пәтерге емес, қарттыққа арналған – Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жинағына қатысты қауесетті жоққа шығарды.

Бүгiн 2026, 14:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 14:00
Бүгiн 2026, 14:00
201
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға жұмсауына қойылатын шектеулер БЖЗҚ-дағы қаражат тапшылығымен байланысты емес. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистердің сұрағына жауап берген Ұлттық банк басшысы зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты азаматтарды зейнет жасында қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Бұл тұрғын үйге арналған жинақ емес. Бұл – азаматтың зейнет жасына дейін қалыптастыратын жеке зейнетақы шоты, – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, қолданыстағы тәсіл Әлеуметтік кодексте бекітілген және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.

Ұлттық банк төрағасы мемлекет азаматтардың зейнет жасына жеткеннен кейін де тұрақты табыс көзі болуы үшін жағдай жасауға мүдделі екенін айтты.

Мемлекет азамат зейнетке шыққанға дейін жинақ жасауы керек деген ұстанымды ұстанады. Егер бүгінде барлық қаражатты жұмсап қойсақ, ертең зейнет жасында күнкөріс көзі болмай қалуы мүмкін, – деді ол.

Мәжіліс кулуарында журналистер жеткілікті шегінің көтерілуі БЖЗҚ-дағы қаржылық қиындықтарға байланысты деген пікірге қатысты сауал қойды.

Тимур Сүлейменов мұндай болжамдарды жоққа шығарды.

Ешқандай жағдайда олай емес. Қазіргі таңда БЖЗҚ-да 26,5 трлн теңге бар. Қорда қаражат жеткілікті, ешқандай тапшылық жоқ, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменовтің айтуынша, тұрғын үйге қаражат жинауға арналған арнайы қаржы құралдары бар және оларды осы мақсатта пайдалану қажет.

Ол азаматтарға баспана жинақтары үшін Отбасы банк мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес берді.

Егер адам баспанаға ақша жинағысы келсе, оған арнайы тұрғын үй жинақ жүйесі бар. Биылдан бастап бұл жүйеге екінші деңгейлі банктер де қатыса бастады. Әр шот өзінің нақты мақсатына қызмет етуі керек. Зейнетақы шотының міндеті – азаматты зейнет жасында қамтамасыз ету, – деді ол.

Ұлттық банк басшысы жеткілікті шегін тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін бағалайтын құрал ретінде қарастырмауға шақырды.

Наверх