Зейнетақы аннуитеті бағдарламаларында қандай өзгерістер бар?

30 Қазан 2022, 12:24
2489
Бөлісу:
Зейнетақы аннуитеті бағдарламаларында қандай өзгерістер бар?

Осы тұрғыда «Мемлекеттік аннуитеттік компания» ӨСК» АҚ Басқарма төрайымы Аида Құрманғалиевамен сұқбат жүргізген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 -Сәлеметсіз бе, Аида ханым. Жалпы, зейнетақы аннуитеті деген не? Бұл бағдарлама Қазақстанда қашаннан бері жұмыс істейді? Бүгінгі таңда қанша қазақстандық бұл жобаның қатысушысы болып табылады?

- Зейнетақы аннуитеттері бағдарламасы нарықта елдің 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен кезінен бастап жұмыс істейді. Зейнетақы аннуитеті жалпы зейнетақы заңнамасы аясында мемлекет ұсынатын опция болып табылады және зейнетақы қорындағы  жинақ қаражатына  балама ретінде қызмет етеді. 

  Бағдарлама зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасын жинаған азаматтар санаты қалыптасқан нөлдік жылдардың ортасында толыққанды жұмыс істей бастады.

  Бүгінгі таңда Қазақстанда 66 мыңнан астам зейнетақы аннуитеті      шарттары жұмыс істейді. Бағдарламаның мәні зейнет жасына жеткенге дейін өмір бойғы төлемдерді алу үшін азаматтарға өз жинақтарын зейнетақы қорынан сақтандыру ұйымдарына аударуға  мүмкіндік беру болып табылады.

-Зейнетақы аннуитетін рәсімдеудің шекті мәні қандай? Олар неден тұрады?

- БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымдарына аударуға жеткілікті ең төменгі сомма былай есептелінеді. Алғашқы алынатын төлем мөлшері шарт жасалған күнге белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - нен төмен болмауы қажет. Осы талапқа сүйене отырып, сақтандыру ұйымдарының актуарийлері математикалық формулаларды негізге ала отырып, сақтандыру ұйымы клиентке өмір бойы төлемдер жасай алуы үшін оның зейнетақы қорынан қанша ақша аударуы керектігін есептейді. Әрине, ешкім кімнің және қанша өмір сүретінін нақты айта алмайды, сондықтан төлемдерді болжау үшін Ұлттық статистика бюросы ресми түрде жариялайтын еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші есепке алынады. 

   Биыл жасына қарай зейнетақы аннуитетін ресімдеу үшін ең төменгі мәндер:

Ерлер (55 жас) – 7,4 млн теңге

Әйелдер (52,5 жас) – 9,9 млн теңге

Егер соңғы 60 айда клиент үшін міндетті кәсіби зейнетақы жарналары төленген болса, әдетте бұл зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер, онда жеткілікті шектер:

Ерлер (50 жас) – 8,3 млн теңге

Әйелдер (50 жас) – 10,3 млн теңге

-Қызық, неге әйелдерде шекті сомма ерлерге қарағанда шамамен 20% - ке көп?

-Жаңа айтып өткенімдей, шекті соммаларды есептеу кезінде орташа өмір сүру ұзақтығы ескеріледі. Бағымызға орай, статистика бойынша Қазақстанда әйелдер ұзақ өмір сүреді, сәйкесінше олардың алатын төлемдерінің саны ерлерге қарағанда көбірек болады деп болжау жасалынады. Әйелдерді өмір бойғы төлемдермен қамтамасыз ету үшін есептелінетін сомма сол себепті ерлерге қарағанда көбірек.

-Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді? Нақты мысалдарды келтіре отырып, айтсаңыз.

-Мәселен, төлем мөлшері жыл сайын тұрақты түрде 5% - ке өсіп отырады. Бұл келісімшартпен белгіленген. Бағдарламаның тағы бір негізгі артықшылығы – төлемдер өмір бойы жасалады. Салыстырар болсақ, ЖЗҚ зейнетақысы жинақтар таусылғанға дейін төленеді. Нақты мысал келтірер болсам, 55 жаста 8 млн. теңгеге дереу зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан ер адам бірінші жылы 341 388 теңге алады, ал 10 жылдан кейін индекстеудің арқасында оның бір жыл ішінде алатын төлемдерінің соммасы 530 мың теңгені құрайды.Зейнеткерлік жасқа (63 жас) дейін ол аннуитеттік төлемдер түрінде 3 млн.теңгеден астам қаражат алады.

- Сіз өмір бойғы төлемдер жайлы айтып отырсыз. Ал, аннуитент қайтыс болған жағдайда оның қаражаты не болмақ?

- Шарт жасасу кезінде сақтандыру ұйымы клиентке немесе оның мұрагерлеріне қанша уақыт көлемінде төлем жасайтынын, клиент өмірден өткен жағдайда «кепілдік мерзімі» дейміз ғой, соны анықтап алған маңызды. Мәселен, шарт бойынша кепілдік мерзімі 15 жылды құрайды делік, клиент келісім шартқа отырғаннан кейін 5 жылдан соң қайтыс болса, мұрагерлері келесі 10 жыл бойы төлемдер алып отырады. Аннуитеттің нақты құны клиенттің қандай кепілдік мерзімін таңдағанына байланысты. Төлемнің кепілдік мерзімі қаншалықты аз болса, аннуитет құны да соншалықты төмен болады. 

- Сіз дереу зейнетақы аннуитеті туралы айттыңыз. Зейнетақы аннуитеттік бағдарламаларының тағы қандай түрлері бар және олар несімен ерекшеленеді?

2021 жылы нарыққа кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті өнімі енгізілді. Ол болашақтағы аннуитеттік төлемдердің мөлшерін арттыру үшін азаматтарға 45 жасынан бастап БЖЗҚ-дан ӨСК-ға қаражат аударуға мүмкіндік береді. Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін ресімдеген кезде клиент қаражаты ӨСК балансында ғана болып қоймай, инвестицияланады және аннуитеттік төлемдер басталған кезде жинақ соммасынан 6 % көлемінде өсу коэффициентін қолдануды есепке ала отырып, ай сайынғы төлем мөлшері ұлғайтылады. Жинақ  өсімі өмірді сақтандыру компаниясының инвестициялық қызметі есебінен жүргізіледі. Бұл ретте сақтандыру ұйымы тұрақты өсуге кепілдік бере отырып, инвестициялау тәуекелдерін толықтай өз мойнына алады. Инвестициялық табыс кейінге қалдырылған кезеңде болашақ төлемдердің мөлшерін ұлғайтады, бұл ретте сатып алу сомасы өзгеріссіз қалады.Егер бүгінде 55 жастағы адам әдеттегі зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеп, ӨСК-ға 8 млн теңге аударса, онда оның ай сайынғы төлемдерінің мөлшері 28 мың теңгені құрайды.Ал, егер 45 жастағы адам кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеп, 10 жылдан кейін төлем алуды бастау шартымен ӨСК-ға сол 8 млн.теңгені аударатын болса, 55 жасында оның ай сайынғы төлемдері шамамен 51 мың теңгені құрайды.Алдағы уақытта ай сайынғы төлемдердің мөлшері жыл сайын 5% - ке артатын болады.

- Жақын күндері зейнетақы аннуитеті бағдарламаларында өзгерістер күтіледі ме?

Биыл шілде айында Мемлекет басшысы ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар үшін бірлескен зейнетақы аннуитетін ашуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Мәселен, ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін зейнетақы жинағы жеткіліксіз болса, ал екіншісінің жинақ соммасы ең төменгі шекті мәндерден асып кетсе, отбасылық жұп осы бағдарлама аясында шарт жасаса алады. Жинақтарды біріктіре отырып, ерлі-зайыптының екеуі де зейнет жасын күтпей-ақ, өмір бойғы төлемдерді алатын болады. Қазіргі таңда өмірді сақтандыру нарығы бірлескен аннуитетті толыққанды іске қосу үшін реттеуші актілердің жариялануын күтуде.  Сондай-ақ, қазіргі уақытта өмірді сақтандыру компанияларының клиенттеріне зейнетақы аннуитеті бағдарламасы шеңберінде аударылған жинақтардың бір бөлігін заңда белгіленген мақсаттарға одан әрі пайдалану үшін БЖЗҚ-ға қайтаруға мүмкіндік беру бойынша жұмыс жүргізілуде.Клиент осы жылы өзекті боп табылатын ең төменгі шекті соманы ғана өмірді сақтандыру компаниясында қалдыруға міндетті.

- Әңгімеңізге рақмет

Өзгелердің жаңалығы