Зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға ұлғаяды

30 Наурыз 2021, 22:46
2109
Бөлісу:
Зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға ұлғаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары 2021 жылғы 1 ақпанға қарай алғаш рет 13 трлн теңгеден асты. Бір жыл ішінде бұл сома 20,3%-ға ұлғайған. Соңғы бес жылда халықтың зейнетақы жинақтары жылына орта есеппен 17,2%-ға өсуде.

2021 жылдың қаңтарында зейнетақы төлемдері 73,8 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп. Көп жағдайда мұндай өсу биыл тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бекітілген қағидаларының күшіне енуімен байланысты.

2020 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы төлемдері алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 8%-ға қысқарып, 193,4 млрд теңгені құрады.

2021 жылғы 1 сәуірден бастап БЖЗҚ ай сайынғы төлемді есептеуді жүзеге асыру әдістемесі өзгереді. Жаңа әдістемеге сәйкес ай сайынғы төлем мөлшерін (бірінші жылы) анықтау үшін зейнетақы жинақтарының сомасын 6,5% мөлшерлемеге көбейтіп, алынған мәнді 12%-ға бөлу қажет. Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу ставкасына 5%-ға ұлғайту жолымен қайта есептелетін болады. Бұрын төлемдерді индекстеу болмаған.

Зейнеткерлердің төлемдерін есептеудегі өзгерістер әсер етпейді. 2021 жылы олар БЖЗҚ-дан ескі әдістеме бойынша есептелген төлемдерді ала береді. Бірақ олар үшін индекстеу қарастырылған. 2022 жылдан бастап олар қазір алатын төлемдер 5%-ға артады.

Бұдан басқа, зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлер, сондай-ақ 1-ші және 2-ші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне қосымша арттыру коэффициенттері көзделген.

БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемінің мөлшері де өсті. Бұрын ол әрбір қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құраса, енді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ға дейін ұлғайтылды.

 Осылайша, көптеген жаңа зейнеткер үшін БЖЗҚ-дан төленетін төлем мөлшері артады. Зейнетке шығатын ерлердің орташа жинақтары 1,7 млн теңге, әйелдер 1,5 млн теңге.

Өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төлемдерді тағайындауға қатысты болды. Өзгерістердің қажеттілігі ескі әдістеменің негізіне салынған бірқатар көрсеткіштің өзектілігін жоғалтумен, оның ішінде зейнетке шығатын қазақстандықтардың өмір сүру жасының арттырумен байланысты. Әдістеме зейнетақы төлемдерін тек 79 жасқа дейін есептеуді көздейді, бұл ретте өткен 20 жыл ішінде елімізде зейнеткерлік жасқа толғаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы ерлер үшін 80 жасты және әйелдер үшін 82 жас болды.

БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемді есептеудің жаңа әдістемесін қарастырсақ. Негізге зейнетке шығуға дайындалып жатқан, 8,5 млн тг зейнетақы жинақтары бар 63 жастағы ер адамды алды.

Бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 8 500 000 × 6,5% = 552 500 тг;

Бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 552 500: 12 ай. = 46 041,7 тг;

Екінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 46 041,7 + 46 041,7 × 5% = 48 343,75 тг.

Егер зейнетке шыққан ер адам, зиянды өндірісте кемінде алпыс ай еңбек еткен болса, онда оның төлемдерінің сомасы бірінші жылы 1,45 коэффициентіне ұлғаяды және кейіннен 5%-ға индекстелетін болады.

Осылайша, егер әдістеме бойынша зейнетақы төлемдері жылдан жылға азайса, онда жаңа әдістеме БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жыл сайын 5% ға ұлғайтып отырады. Содан алушылардың еңбек жағдайлары мен денсаулығының ерекшеліктерін ескереді. Төлемдер зейнетақы жинақтарының ағымдағы сомасына әсер ететін инвестициялық табыстылықтың құбылмалылығына байланысты болмайды.



Өзгелердің жаңалығы