Зерттеулер кітап бетінде ғана қалып жатыр – Байжұмаұлы

1 Шілде 2022, 18:36
1270
Бөлісу:
Зерттеулер кітап бетінде ғана қалып жатыр – Байжұмаұлы
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Еуразия ұлттық университетінде имидждік өнімдерді көбейтуге қатысты кездесу өтті.  

Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі нарыққа шығарылып жатқан мемлекеттік рәміздерді, біріншіден, қолжетімді ету, екіншіден, имидждік өнімдерді көбейту. 

Кездесу барысында Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Асылбек Байжұмаұлы мемлекеттік рәміздерді өндірудегі алдыңғы қатарлы компаниялар мен ұлттық кәдесый компаниялары жетекшілеріне тарихи таңбалардан кәдесыйлар жасауға ұсыныс білдірді.   

Геральдикалық зерттеулер орталығында ғалымдар әртүрлі тарихи таңбаларды зерттейді. Біз соны жарыққа шығарып, қоғамға таратамыз. Бірақ ол зерттеулер «Қазақ геральдикасы» деген ғылыми кітап бетінде немесе ғалымдар жазған мақалаларда ғана қалып жатыр. Оны кім оқып жатыр дейсіз, жастар оқымайды. Қазір Бурабайға барсаңыз, рулық кәдесыйлар көп: арғындікі, наймандікі, керейдікі. Сондай кәдесыйларды тарихи таңбалардан жасауға мүмкіндік бар ма? – деді ол өз сөзінде. 

Бұл ұсынысты ұлттық кәдесый компаниясының басшысы Бахаргүл Төлегенқызы да қолдап, өз тәжірибесімен бөлісті, кәдесыйлардың маңызын айшықтады.  

Шетелден келген қонақтар символика ретінде алып кететін магнитка, салпыншақ, ыдыстар, картина түріндегі кәдесыйларды көп шығардық. Ол Қазақстанды танытудың бір жолы, өзіміздің патриоттық сезімімізді жоғарылатып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге үлкен пайдасы тиетін нәрсе. Сондықтан оны көптеп өндіру керек, - деді ол.  

Өзгелердің жаңалығы