Зергерлік бұйымдардың өндірушілері ҚҚС-нан босатылады

2 Желтоқсан 2022, 14:02
986
Бөлісу:
Зергерлік бұйымдардың өндірушілері ҚҚС-нан босатылады

 ИИДМ Индустриялық даму комитетінің өкілдері және Парламент Сенатының депутаттары «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауытының аумағында зергерлік өнеркәсіпті дамыту бойынша көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған кеңеске еліміздегі Бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының мүшелері мен бизнес субъектілері жиналды. Бұл орайда Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов зергерлік бұйым өндірісіндегі көлеңкелі айналым, шикізаттың жоғары құны мен импорттық өніммен салыстырғанда тең бәсекелестіктің сақталмауы жөніндегі өзекті мәселелерді айтты.

Комитет тарапынан саланы дамыту бойынша арнайы шаралар пакеті әзірленді. Олардың бірі Салық кодексіндегі түзетулерді қарау шеңберінде ҚР Парламентінің қолдауын тапты. Атап айтқанда, алтын мен күмісті сатып алуға байланысты ҚҚС-нан босату. Норма келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Естеріңізге сала кетейік, отандық зергерлер үшін 2016 жылдан бастап жылына 300 кило алтын сатып алуға квота белгіленді,- деді Т.Жолмағамбетов.

Осы ретте Сенат депутаттары зергерлік саланы ынталандыру бойынша басқа да бірқатар шараны қолдағанын айта кету керек. Қазір комитет заңнамалық деңгейде қосымша шараларды ілгерілетуді жоспарлап отыр. 

Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар бағалы металды шикізатты қайта өңдеп, тазартуға қауқарлы «Тау-Кен Алтын» аффинажды кәсіпорнының өндірістік процесімен танысуға мүмкіндік алды. Бұл зауыттың жобасы бағалы металдарды аффинаждау бойынша үздік әлемдік компаниялардың негізінде әзірленгенін айта кетейік

Өзгелердің жаңалығы