Украина президенті Владимир Зеленский 21 наурыз, сенбі күні АҚШ өкілдерімен өтетін кездесудің басты мақсаты – Ресей делегациясының қатысуымен соғысты аяқтауға бағытталған болашақ үшжақты келіссөздерге дайындық екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы ол 20 наурыз, жұма күні журналистерге мәлімдеді.
Олардың басты міндеті – үшжақты кездесулерді жалғастырудың нақты параметрлерін айқындау. Екіншісі – тиісті кездесулерге дайындық, құжаттардың әзірлігі, – деді мемлекет басшысы.
Украина, АҚШ және Ресей арасындағы келіссөздер бұған дейін Ирандағы соғысқа байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген. Зеленскийдің айтуынша, Киев бұл үдерісті қайта жандандырып, нақты күндерді белгілеуге үмітті.
Нақтырақ мәлімет болғанын қалаймыз, – деп атап өтті ол.
Кездесу барысында тараптар PURL (Украина үшін басым қажеттіліктер тізімі) бағдарламасының жалғасуын да талқылайды. Бұл бағдарлама аясында НАТО серіктестері Украинаға арналған америкалық қару-жарақты, соның ішінде Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды сатып алады.
Сонымен қатар, украин делегациясы АҚШ-пен «дрондық келісім» мәселесін көтермек. Бұл бастамаға сәйкес, Киев Вашингтонға соғыс жағдайында сыналған дрондарға қарсы қорғаныс технологиясымен бөлісіп, оның орнына қаржыландыру мен баллистикалық зымырандардан қорғаныс жүйелерін алуды көздейді.
Зеленский АҚШ-тың ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды алып тастау шешімі Украина үшін қауіп төндіретінін атап өтті.
Бұл біз үшін үлкен тәуекел. Бұл Ресейдің қаржысын арттырып, майдандағы мүмкіндіктерін күшейтеді. Бұл қауіпті, сондықтан бұл тұрғыда да біздің кездесу маңызды, – деді ол.
Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында соғысты аяқтауға арналған екіжақты құжаттар, оның ішінде қауіпсіздік кепілдіктері мен Украина қалпына келтіру мәселелері де қарастырылады.
Айта кетейік, бұған дейін Зеленский келесі келіссөздер кезеңі Ресейсіз өтетінін мәлімдеген. Ал 13 наурызда ол АҚШ пен Ресей арасында үшжақты кездесудің уақыты мен орнына қатысты келіспеушіліктер бар екенін айтқан.
Зеленскийдің сөзінше, украин делегациясы Майами немесе Вашингтон қалаларына баруға дайын болған. Алайда Ресей Түркия немесе Швейцария нұсқаларын ұсынған, ал бұл ұсыныстарды АҚШ қауіпсіздік себептерімен қабылдамаған.
Келіссөз процесі “Санта-Барбараға” айналып кетті, – деп түйіндеді Украина президенті.