Зеленский Ресеймен және АҚШ-пен жаңа келіссөздер жүргізуге келісті

 depositphotos.com 22 Қазан 2026, 09:15
22 Қазан 2026, 09:15
131
Фото: depositphotos.com

Украина Ресеймен және АҚШ-пен үшжақты келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысты қолдайды. Делегациялардың кездесуі қараша айының басына дейін өтуі мүмкін. Ал оның міндеттерінің бірі – көшбасшылар деңгейіндегі келіссөздерге дайындық болады, деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.

Оның айтуынша, америкалық тарап кездесуді мүмкіндігінше тезірек өткізуді ұсынады. Киев бұл бастаманы қолдайды және отты тоқтату, энергетикалық бітім және соғысты аяқтаудың басқа да нұсқаларын талқылауға дайын.

«Күн тәртібі – соғысты аяқтау. Сонымен қатар, менің түсінуімше, көшбасшылар деңгейіндегі кездесуге барлық жағдайды дайындау», – деді украин президенті 21 қазанда журналистермен онлайн-тілдесу барысында.

Келіссөздердің нақты күндері әлі белгісіз. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков АҚШ арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесуінен кейін Мәскеудің үшжақты келіссөздерді қарашаның бірінші жартысында қайта бастауға дайын екенін хабарлаған болатын. Кездесу өтуі мүмкін орын ретінде Абу-Даби аталды.

Уиткофф Зеленскиймен және еуропалық өкілдермен 20 қазанда Ослода кездесіп, келесі күні Санкт-Петербургте Путинмен келіссөз жүргізді. Америкалық өкілдің айтуынша, талқылаулар нәтижелі өтті, ал әрі қарайғы жұмыс техникалық деңгейде жалғасады.

Бұған дейін Ресей, Украина және АҚШ делегациялары қаңтар мен ақпан айларында Абу-Дабиде кездескен болатын. Ол кезде тараптар әскери тұтқындарды кезекті рет алмасу туралы келіскенімен, соғысты аяқтау мәселесінде ілгерілеушілікке қол жеткізе алмады.

Айта кетейік, Трамп Зеленскийді Путинмен кездеспей-ақ Ресеймен келісімге келуге шақырды.

Наверх