Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Зеленский қауіпсіздік кепілдіктері үшін НАТО-дан бас тартуға дайын

Кеше, 21:30
377
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде АҚШ-пен екіжақты келісім жасалса, ымыра ретінде елінің НАТО-ға мүшеліктен бас тартуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл туралы "Страна" басылымы жазды.

Зеленскийдің айтуынша, әңгіме НАТО-ның 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктері туралы болып отыр. Яғни, АҚШ тарапынан нақты қорғаныс міндеттемелері, сондай-ақ Еуропадағы әріптестерден, Канада, Жапония секілді басқа елдерден қауіпсіздік кепілдіктері қажет. Ол бұл сөзді Берлинге бара жатқан жолда, бейбітшілік жоспары бойынша жаңа келіссөздер қарсаңында журналистермен онлайн сұхбат кезінде айтты.

Президент Украина үшін бастапқыда басты мақсат НАТО-ға кіру болғанын еске салды. Алайда бұл бастаманы Еуропа елдері мен АҚШ қолдамаған. Сол себепті қазіргі таңда АҚШ-пен екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері және еуропалық серіктестердің қолдауы — Ресей тарапынан жаңа агрессияның алдын алудың нақты жолы әрі белгілі бір деңгейдегі ымыра екенін атап өтті.

Сонымен қатар Зеленский егер қазіргі бейбіт келіссөздер нәтиже бермесе, басқа жол іздеуге тура келетінін айтты.

Ол сондай-ақ АҚШ Украинаға Донецк облысынан әскерді шығару жөнінде ұсыныс жасап отырғанын растады. Зеленскийдің сөзінше, бұл жағдайда ресейлік әскерлер ол аумаққа кірмеуі тиіс.

Бұған дейін Зеленский әскерді әкетуге қарсы екенін айтқан. Дегенмен Киевте белгілі бір шарттар орындалса, мұндай қадамға баруы мүмкін деген ишаралар болған. Бұл туралы президенттің кеңесшісі Михаил Подоляк та айтқан. 

Оның сөзінше, Украина тек өз әскерін ғана емес, ресейлік күштерді де әкетуді талап етеді. Подоляк екі тараптың арасында демилитаризацияланған аймақ құрылып, онда қару-жарақтан арылу, бақылау миссиялары мен шетелдік контингенттің қатысуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қақтығысты аяқтаудың қисынды жолы, өйткені аумақтың бір бөлігі іс жүзінде Ресей бақылауында қалып, шеп сызығы бәрібір белгіленеді.

Өзгелердің жаңалығы