Зеленский Гончаруктың өтінішін қабылдамады

18 Қаңтар 2020, 11:16
1787
Бөлісу:
Зеленский Гончаруктың өтінішін қабылдамады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский премьер-министр Алексей Гончаруктың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдамады.

Зеленский үкімет жетекшісі және оның әріптестері "қоғамды алаңдатқан өте маңызды мәселелерді шешсе" оларға тағы бір мүмкіндік беретінін айтты. Бұл ақпарат Украина президентінің сайтында жазылған. Президент "қазір мемлекетті экономикалық және саяси тұрғыда шайқалтатын мезгіл емес" екенін атап өтті.

Бұған дейін Гончарук отставкаға кету туралы өтініш жазған. Екі күн бұрын интернетте оның әңгімесі жазылған аудиожазба жарияланып, онда ол Зеленскийдің экономикадан хабары жоқ екенін айтқан.

Украина конституциясы бойынша, премьер-министрді отставкаға жіберу туралы шешімді жоғарғы рада қабылдайды. Алайда Гончарук өтінішін Зеленскийге тапсырған. Осылайша өтінішті жоғарғы радаға беру-бермеу туралы шешімді Зеленский қабылдауы тиіс болған.

Гончаруктің айтуынша, аудиожазба үкімет отырыстарының бірі кезінде жазылып, монтаждалған. Оны Украинада реформа болғанын қаламайтындар жасады деп айыптады. Зеленский Гончарук пен өзге шенеуніктердің әңгімесін жазып алғандарды табуға екі апта уақыт берген. Ол сонымен бірге алдағы уақытта мұндай нәрсе қайталанбас үшін шара қолдану қажет деген.

Аудиожазба 15 қаңтарда Youtube-тағы "Президентті қалай алдауға болады?" атты арнада жарияланған. Оны кім салғаны белгісіз. Мемлекеттік күзет қызметі жазбаға еш қатысы жоғын мәлімдеді. Гончарук өткен жылғы парламент сайлауынан кейін үкімет жетекшісі болып тағайындалған. Бұл сайлауда Зеленскийдің "Слуга народа" партиясы жеңіп шықты.

Өзгелердің жаңалығы