Үздік әскери қызметшілер марапатталды

19 Желтоқсан 2019, 06:53
3550
Бөлісу:
Үздік әскери қызметшілер марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алғаш рет өткізілген "Әскер тарланы" сайысының жеңімпаздары ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында  марапатталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Байқау оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің үздік әскери қызметшілерін анықтауға бағытталып, Тәуелсіздік күніне орайластырылған.

Үміткерлерді іріктеу төрт кезеңде өткізілді. Олар әскери бөлімдер мен мекемелерде, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінде, әскер түрлері мен Қарулы күштер ауқымында таңдалды. Жауынгерлік еңбектері "Әскер тарланы" жүлдесіне лайықты деп танылған әскери қызметшілер еліміздің түрлі өңірлерінен таңдалынып алынған. Сонымен қатар, іріктеу кезінде жауынгерлік даярлық бойынша ай сайынғы бақылау сабақтарының, бақылау және қорытынды тексерулердің нәтижелері, әскери қызметшінің жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық іс-шараларына белсенді қатысуы, оның қызметтік сипаттамасы, тәртіптік жазалардың және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болмауы, моральдық-іскерлік қасиеттері, сондай-ақ психологиялық тұрақтылық деңгейі ескерілді, - делінген хабарламада.
18 әскери мамандық бойынша үздік әскери қызметшілер анықталды.

Бір жүлде өткен жылы жауынгерлік даярлық нәтижелерінде ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізген кіші сержант Есболат Уснатдиновқа берілді. Әскери қызметші жауынгерлік машина экипажын басқарып, өзінің қызметтестеріне үлгі бола алады.

Үздік ұшқыш Армия халықаралық ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы, ауқымды оқу-жаттығулардың қатысушысы авиациялық эскадрилья командирі майор Ермек Мұханов атанды.

Соңғы уақытта әскери-теңіз күштерінде бөлімшесі алдыңғы қатарда көрінген миналық-тартқыш корабльдің командирі 3-ші дәрежелі капитан Медет Сұлтанов үздік теңізші жүлдесіне ие болды. 

Қазақстандық әскерде үздік мерген атағы тұрақты түрде халықаралық сайыстар мен оқу-жаттығуларында өзінің шеберлегін дәлелдеп жүрген сержант Бектораз Нұрсұлтанға берілді.

Барлау-іздестіру әрекеттерін шебер меңгерген және қол астындағыларды үйрете білген 3-сыныпты сержант Әзиз Сындарқұлов үздік барлаушы деп танылды.

Бітімгершілік миссия құрамында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша міндеттерді үлгілі орындағаны үшін "Жыл бітімгері" номинациясы бойынша капитан Арман Тастанбеков жеңімпаз атанды. Ол Чехия мен Үндістанда бітімшілерді даярлау курсынан өтті, БҰҰ-ның Ливан миссиясына жіберер алдында үшінші қазақстандық бітімгершілік ротасын дайындауға қатысты, бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттары бар.

Аумақты минадан тазартуға байланысты білгір және жанкешті әрекеті үшін үздік сапер ретінде инженелік-саперлік взводтың аға сержанты Жәнібек Бекжанов танылды.

Жауынгерлік даярлық пен тапсырылған қару-жарақтың жауапты сақтағаны үшін сержант Ельдар Тұрақбайдың еңбегі жоғары бағаланды. Қару-жарақ командирі үздік артиллерист деп танылды.

Ең үздік байланысшы Армиялық халықаралық ойындардың "Сенімді қабылдау" байқауының жеңімпазы, радиопеленгация бойынша ең үздік маман, радиостанция бастығы кіші сержант Дидар Сейсенбаев болды.

Сондай-ақ, марапатталушылардың қатарында еңбегі байқала бермейтін, алайда онсыз әскерді елестету мүмкін емес маман иелері де болды. Олар: материалдық-техникалық қамтамасыз ету маманы, әскери полиция қызметкері, әскери дәрігер, спортшы, байланысшы, әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласының маманы, тәрбиеші-офицер және оқытушы.

Қорғаныс ведомствосы басшылығының шешімі бойынша конкурс жыл сайын үздік әскери мамандарды анықтау және көтермелеу, сондай-ақ әскери қызметке қажетті дағдыларды арттыру үшін өткізіледі.


 

Өзгелердің жаңалығы