Үздік офицерлер марапатталды

5 Қазан 2020, 21:37
1583
Бөлісу:
Үздік офицерлер марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Марат Құсайыновтың басшылығымен қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізген, 2018 жылғы Құрлық әскерлері Әскери институтының офицер-түлектеріне құрмет көрсету рәсімі онлайн режимде өтті.

Екі жыл уақыт ішінде әскери жоғары оқу орнының түлегінен рота командиріне дейінгі еңбек жолынан өткен 12 үздік жас офицер «Үздік маман» ерекше жапсырмаларымен марапатталды.

Құрлық әскерлерінде жас офицерлердің жеткен жетістіктерінің негізгі көрсеткіші, ол - рота (батарея) командиріне дейінгі қызметтік өсуі.

Екі жыл офицерлік мансаптың ішінде барлық 12 офицер-түлек тек сабақтар мен бөлімшенің міндеттерін пысықтау барысында ғана ерекшеленіп қоймай, әскери бөлімшелердің қоғамдық өміріне де белсене араласып, өздерін жақсы қырынан көрсете білген. Үнемі алға ұмтылуға тырысатын белсенді өмірлік ұстанымдарымен олар шын мәнінде ұжымның үздігі болып, көшбасшылық қолдауға ие болды.

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы оларға биік белестерді бағындырып, Отан игілігі үшін лайықты қызмет етуді тіледі.

Жас офицерлердің жетістіктерге қол жеткізуі - болашақ лейтенанттар үшін жақсы мотивация. Ол үшін іс-шараға 3-4 курс курсанттары шақырылды. Олар өздерінің аға жолдастарының әскердегі қызметі туралы әңгімелерін тыңдады.

Айта кету керек, жас офицерлер арасында кадрлық саясатты жетілдіру жобасы Қазақстанның Құрлық әскерлерінде 2010 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Оның негізгі идеясы – Құрлық әскерлері Әскери институтының түлектерін зерттеу және оларды үш топқа шартты түрде бөлу.

Бірінші топқа кәсіби білімі, көшбасшылық қасиеттері және моральдық, нейропсихикалық тұрақтылықтың жоғары деңгейі бар түлектер жатады. Талдау көрсеткендей, бірінші категорияда жоғары көшбасшылық, ерік-жігерлі, зияткерлік және басқа да қасиеттері бар курсанттар қызмет барысында айтарлықтай жетістіктерге жетеді.

Екінші топқа барлық қажетті қасиеттері бар, бірақ тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге міндетті түлектер жатады.

Үшінші топқа штабтық лауазымдарға және қызмет бастықтары ретінде тағайындауға қолайлы түлектер біріктірілген.

2018 жылы 144 курсант-түлек аталған үш санатқа бөлінді, олардың қызметі мен жетістіктерін талдау жалғасуда.

Әскери ортадағы ұжымдық және жеке көшбасшылық жүйе қазіргі заманғы әскери ұжымды басқарудағы маңызды аспектке айналуда. Бүгінгі таңда әскери істерде терең өзгерістер болған кезде жауынгерлік іс-қимылдар әскерлердің жоғары қарқындылығымен, ұтқырлығымен және маневрлігімен, жауынгерлік жағдайдың жылдамдығымен, күрт өзгеруімен сипатталуда. Сол себепті әскери қызметшілерге де ерекше талаптар қойылады.

Көшбасшылар әрқашан алдыңғы қатарда болуға тырысып, қол астындағыларды алға қойған мақсаттарына сәтті жетуге қолдау білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы