Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу" туралы заңына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова өз пікірін білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-ЖомарТоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық сұхбат - тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында митингілер туралы заңнаманы жетілдіру бойынша нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті "Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады" деп тоқталды, - деді институт директоры.Сонымен қатар, бейбіт жиналыстар бостандығының кепілдігі Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабында бекітілгендігін айтты.
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін, - деді ол.
Зарема Шәукенова Қазақстан Республикасында мұндай іс-шараларды өткізу осы уақытқа дейін «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасының арнайы Заңымен реттеліп келгендігін айтып, Қазақстанда соңғы жылдары бейбіт митингтерді өткізуді реттейтін заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы сұрақтар белсенді түрде көтерілгендігін жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, бұрынғы заңда бірқатар негізсіз шектеулер орнатылып, жергілікті атқарушы органдарға өтініштерді еркін түсінуге және бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға кең өкілеттік берілді. Сондай-ақ, алдыңғы заңның басты кемшілігі "жиналыс", "демонстрация", "шеру", "митинг", "пикет" ұғымдарының нақты түсіндірмелерінің болмауында еді, яғни азаматтардың белгілі-бір жиналысы мен шараларын заңсыз жиналыс немесе пикет деп тануға мүмкіндік бергендігі айтылды, - деді Зарема Шәукенова.
Сонымен бірге, институт басшысы бұрыңғы заңдағы кейбір оқылықтар туралы айтып берді.
Заңда қатысушылар мен оқиға болған жерден өтіп бара жатқан адамдар, сондай-ақ байқаушылар: журналистер, құқық қорғаушылар және басқаларға қатысты олардың акцияның заңсыздығы үшін жауапкершілікке тарту тұрғысынан ешқандай айырмашылық болған жоқ. Нәтижесінде, іс жүзінде кейбір жағдайларда журналистер мен кездейсоқ бақылаушылар жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 1995 жылғы заңнамада мемлекеттік органдарды, ең алдымен құқық қорғау органдарын азаматтардың бейбіт жиналыстарға құқығын жүзеге асыруда көмек көрсетуге және заңды бейбіт жиналыстың қатысушыларын қорғауға міндеттейтін ережелер жоқ, - деді ол.
Жаңа заңды дайындауға азаматтық белсенділер, сарапшылар, ҚҰСК мүшелері қатысқанын айтты.
Заң Парламентте бірнеше талқылаулардан өтті, Сенат түзетулерімен оны Мәжілістің қарауына қайта жіберді. Осылайша, ескі заңнаманың барлық кемшіліктері мұқият талданып, қайта қаралды, жаңа жағдайлар мен уақыт талабы ескерілді, - деді институт басшысы.
Зарема Шәукенова өз сөзінде Президент қол қойған "Бейбіт жиналыстар туралы" заң "тыңдайтын мемлекет" тұжырымдамасының сәтті жүзеге асырылуын мысалы бола алғанын жеткізді.
Өйткені осы Заңның қабылдануымен билік пен қоғам арасындағы байланыс арнасы кеңейіп келеді. Кез-келген наразылық шарасы билік үшін белгі, қоғамдағы белгілі бір көңіл-күйді білдіретін, проблемалық мәселелерді, халықтың белгілі бір топтарының, сондай-ақ жекелеген азаматтардың өтініштері мен ұмтылыстарын көпшілік алдында білдіретін қазақстандықтардың белсенді бөлігінен кері байланыс алу әдісі болып табылады, - деді ол.
Сондай-ақ институт басшысы мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген "Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа заң қоғамдық шараларды өткізуді құқықтық реттеуді ырықтандыруды білдіреді және демократия мәдениеті мен стандарттарына сәйкес митингілік мәдениетті қалыптастыруға көмектеседігін тілге тиек етті.