Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң қабылданды

24 Мамыр 2023, 11:01
1147
Бөлісу:
Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң қабылданды

Мәжіліс заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы бойынша негізгі құжатпен Заңнама және сот-құқықтық комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов таныстырды.

Айтуынша, заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған.

«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып саналады, - деді Магеррам Магеррамов.

Белгілі болғандай, ілеспелі заң жобалар негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленді және қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулерді көздейді.

Атап айтқанда, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылады.

Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзутулер көзделеді.

Бұдан басқа, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігі құрылатын болады, - деді мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы