Кейінгі жылдары Алматыда заңсыз салынған тұрғын үйлерге қатысты дау-дамайлар жиілеп кетті. Кей жағдайларда көпқабатты тұрғын үй салынып, пәтерлер сатылып қойғанымен, кейін оның заң талаптарына сәйкес келмейтіні анықталып, нысан сүрілуі мүмкін. Мұндай жағдайда пәтер сатып алған азаматтардың құқығы қалай қорғалады? Бұл сұраққа «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары Василий Романовский жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Пәтер сатып аларда қандай құжаттарды тексеру керек?
Сарапшының айтуынша, тұрғын үйді сатып алу кезінде ең алдымен құрылыс нысанына қатысты барлық техникалық және рұқсат құжаттарын мұқият тексеру қажет.
Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың құрылыс жүргізуге рұқсаты, нысанды пайдалануға беру мүмкіндігін растайтын құжаттары және тұрғын үйдің заңды түрде салынғанын дәлелдейтін қорытындылары болуы тиіс.
Егер мұндай құжаттар болмаса немесе сатып алушыға ұсынылмаса, мәміле жасауға асықпаған жөн. Өйткені кейін үлкен мәселелер туындауы мүмкін, – дейді маман.
Жауапкершілік кімге жүктеледі?
Романовскийдің сөзінше, егер тұрғын үй заңсыз салынып, кейін сот шешімімен сүрілсе, негізгі жауапкершілік құрылыс салушыға жүктеледі.
Құрылыс компаниясы нысанды пайдалануға беру мүмкін емес екенін білмеуі мүмкін емес. Сондықтан мұндай жағдайда кінә толығымен құрылыс салушының мойнында болады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, тұрғындар заңсыздық туралы білмеген болса, олар адал сатып алушы ретінде қарастырылады және өз құқықтарын қорғауға құқылы.
Ақшаны қалай қайтаруға болады?
Маман мұндай жағдайда алдымен құрылыс компаниясына тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң аясында жазбаша талап қою қажет екенін айтты. Егер құрылыс салушы мәселені өз еркімен шешпесе, тұрғындар азаматтық сот тәртібімен талап арыз бере алады.
Құрылыс компаниясы заң талаптарын бұзғандықтан, пәтер үшін төленген қаражатты толық көлемде қайтаруға міндетті. Тұтынушы өзінің қаржылық шығынын өндіріп алуға құқылы, – дейді Василий Романовский.
Құрылыс компаниясы да шығынға батады
Сарапшының айтуынша, заңсыз салынған нысан сүрілген жағдайда құрылыс салушы тек сатып алушыларға ақшаны қайтарып қана қоймай, құрылысқа жұмсалған қаржысынан да айырылып қалады. Сонымен қатар оған тұрғындардың талабын орындау үшін қосымша қаражат іздеуге тура келеді.
Егер үй заңсыз салынғаны анықталса, құрылыс компаниясы тұтынушылар алдындағы жауапкершіліктен құтыла алмайды. Ол келтірілген шығынды толық өтеуге міндетті, – дейді маман.
Осыған байланысты сарапшы азаматтарға тұрғын үй сатып алмас бұрын құрылыс компаниясының құжаттарын мұқият тексеруге және нысанның заңды мәртебесіне көз жеткізуге кеңес береді.