Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заңсыз қоқыс төгілген орындар Қазақстан Ғарыш Сапары геопорталының ғарыштық мониторингі арқылы анықталады.
Былтыр астана аумағынан сондай 386 орын анықталып, соның 338-і (88 %) жойылды. Ол жерлерден 60 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Тәртіп бұзушыларды анықтау және стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр, - деп жазды Жомарт Айтқазы.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экология департаменті, қалалық Полиция департаменті, «iKOMEK 109» қызметімен бірлесіп, «СЕРГЕК» қалалық бейнебақылау камералары арқылы бақылау, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс күшейтілді.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап экологиялық жауапкершілік шараларын қатаңдатылды. Атап айтқанда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 344-бабына түзетулер енгізілді, онда қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жинағаны үшін әкімшілік айыппұлды 5 есеге ұлғайту көзделген (мысалы, жеке тұлғалар үшін айыппұл 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 20 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін).
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қалада да, агломерацияда да заңсыз қоқыс үйінділерінің саны артпаса, кемитін емес. Өйткені бұл шаралардың барлығы - салдармен күрес. Мәселенің себебімен түбегейлі, жүйелі, кешенді түрде күресу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу керек дейді әріптестер, - деп жазды ол.
Бір мысал: темекінің тұқылын жерге тастаған адамды 10-15 күнге қамап тастауға болады. Ал жүк көлігімен ондаған тонна қоқысты белгіленбеген жерге төккен адамға бірінші рет ескерту, екінші рет 20 АЕК (61260 теңге) айыппұл салынады. Болды.
"Аюға намаз үйреткен – таяқ, Молдаға намаз үйреткен – тамақ" демекші, экология, қоршаған ортаға салғырт қарайтындарға жауапкершілікті қатайтып, айыппұл көлемін өсірсе өресі арқылы кірмегендерге ақыл қалтасы арқылы кірер еді. Әрі бюджетке де "аюлардан" түсетін түсім де артар еді, - деді ол.