Заңсыз активтерді қайтару Конституциялық заңға қабылданды

20 Маусым 2023, 18:33
967
Бөлісу:
Заңсыз активтерді қайтару Конституциялық заңға қабылданды
Фото: Артём Чурсинов - архив

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңға бірқатар өзгеріс енгізіліледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Абзал Құспан «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бірінші оқылымда баяндама жасады.

Парламенттің бірлескен отырысына ұсынылған Конституциялық заң жобасында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға бірқатар өзгеріс енгізілген.

Конституциялық заңның бұл жобасы заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған заң жобаларының тобына кіреді, тиісінше «Әділетті Қазақстан» құрудағы тұжырымдаманың маңызды бір бөлігі. Енгізілгелі отырған өзгерістер «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Конституциялық заң жобасында көрініс тапқан жаңа новеллаларға байланысты, - деді депутат.

Абзал Құспан заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталды.

Айтуынша, түзетулердің бірінші тобы – прокуратура жүйесінде активтерді қайтаруға бағытталған жаңа уәкілетті органның құрылуына қатысты. Ол жаңа ведомство активтерді іздестіруге және қайтаруға қатысы бар барлық мемлекеттік аппарат қызметін жұмылдырады. Сонымен қатар ол заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға байланысты құрылатын Комиссияның жұмыс органы функциясын атқарады.

Түзетулердің екінші тобы – активтердің пайда болуының қайнар көзі, шығу тегі, заңдылығына қатысты ақпараттарды мониторинг және талдау жасауды Конституциялық заңдар деңгейінде құқықтық регламентация жасау қажеттілігімен байланысты. Осыған байланысты, Конституциялық заңмен бекітілген прокурорлардың құқықтары, тиісінше жаңа ережелермен толықтырылады, - деп түсіндірді депутат Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Сонымен бірге Конституциялық заң ережелері жаңа ведомствоның функционалдық бағыттарына орай бірнеше ережемен толықтырылды:

1. Активтерді іздестіру мен қайтару қызметі;

2. Активтердің шығу тегін анықтау, олардың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қолдану, активтерді қайтаруға байланысты халықаралық ынтымақтастық орнату;

3. Уәкілетті органдар қызметін үйлестіру және байланыс орнату;

4. Активтерді қайтаруға қатысты келісімдерді жасасу;

5. Соттарға қамтамасыз ету туралы өтінішхаттар беру, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес, талап арыздар беру;

6. Қазақстан Республикасы заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген басқа да міндеттер мен өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Заң жобасына енгізілген түзетулерді қарау үшін бірлескен комиссия өз отырысын өткізді.

Сенат пен Мәжіліс депутаттары заң жобасын екінші оқылымда дауысқа салып, қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы