Астанада Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп " Қазақстанда ағзаларды трансплантаттау және донорлығы "атты ведомствоаралық конференция өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның негізгі мақсаты ағза донорлығын ілгерілету мәселелерін талқылау, елімізде трансплантаттауды одан әрі дамыту мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен тәсілді жолға қою болды.
Конференцияның жұмысын аша отырып, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник трансплантаттау соңғы онжылдықтардағы, соның ішінде Қазақстан үшін де медицинадағы ең маңызды серпіліс болғанын, бұл пациенттердің өмірін көптеген жылдарға ұзартуға мүмкіндік беретінін және көбінесе емдеудің жалғыз жолы болып табылатынын атап өтті.
Әлемде жыл сайын 115 мыңнан астам ағзаны трансплантттау операциялары орындалады, бұл ретте АҚШ, Испания, Хорватия, Иран сияқты елдерде трансплантатталған ағзалардың кемінде 85%-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан алынған. Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанда ағзаларды транспланттау бойынша 2,5 мыңнан астам операция, бұл ретте тірі донордан 83% жағдайда және қайтыс болғаннан кейінгі донордан 17% жағдайда ғана жүргізілді, - деді вице-министр.
Қазақстан бүгінде ағзаларды трансплантаттау бойынша жоғары технологиялық операцияларды жүргізу үшін барлық заманауи инфрақұрылымға ие. Қазіргі уақытта елімізде 7 трансплантаттау орталығы жұмыс істейді, 40 донорлық стационар, 4 иммунологиялық типтеу зертханасы ұйымдастырылған. Донорлық процесті үйлестіруді, анықтауды және ұйымдастыруды қамтамасыз ететін республикалық, өңірлік және стационарлық үйлестірушілер желісі құрылды.
Ол трансплантологияның бүгінгі даму деңгейі денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық қызметтер сапасының дамуының өзіндік индикаторы болып табылатынын атап өтті, өйткені ағзаларды сәтті трансплантаттау құқықтық база, дайындалған адам ресурстары, техникалық мүмкіндіктер және елде қалыптасқан донорлық мәдениет болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Конференция бағдарламасында Парламент Мәжілісінің, "Қазақстан халқына" ҚӘҚ депутаттарының, діни қызметкерлер өкілдерінің, халықаралық және отандық сарапшылар мен трансплантациялық пациенттердің баяндамасы болды.
Іс-шараға қатысушылар қоғамды донорлық және трансплантаттау мәселелері бойынша одан әрі ағарту, мемлекеттік ведомстволарды осы жұмысқа, білім беру мекемелері мен азаматтық секторға неғұрлым белсенді қосу қажеттілігі туралы келісті. Қатысушылар заң нормаларын қолданыстағы талаптарға сәйкес келтіру, атап айтқанда, келісім презумпциясын Ұлт денсаулығы туралы Кодекске қайтару қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Егер біз жақын арада донорлық және трансплантаттау туралы заңнамаға өзгерістер енгізбесек, біз жай ғана артқа шегінеміз, көптеген жұмыс нөлден басталуы керек. Біз уақытты жоғалтпауымыз керек, заңнамадағы өзгерістерді шұғыл түрде қабылдауымыз керек, - деп қорытындылады В.Дудник.