Әділет министрі Азамат Есқараев ведомство заңдардың қазақшасы түсініксіз болса, оны қайтарып жіберетін құзыреті бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңдарды Әділет министрлігінде тіркеген кезде мемлекеттік нұсқасына сараптама жасайсыздар ма? Өйткені қазақша заңның түсініксіз екені туралы шағым көп. Егер заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасы түсініксіз, сапасыз болса, кері қайтара аласыздар ма?, – деп сұрақ қойды БАҚ өкілі.
Азамат Есқараевтың айтуынша, Әділет министрлігінде бұған қатысты құзырет бар.
Қолданыстағы заңнама бойынша әр мәтінде, әр тілде жазылған текст халыққа түсінікті, қолдануға жеңіл болуы керек деген талап көзделген. Егер мемлекеттік тілде олқылықтар болса, тиісті мамандар мен сарапшылар сол олқылықтарды анықтаса, ондай заң жобасын тіркеуден бас тартамыз. Яғни, оны бастамашы болған органға қайтарамыз, – деді Әділет министрі.
Алайда министр мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасыз болуына байланысты кері қайтарылған заңдардың статистикасы жүргізілмейтінін айтады.
Заң жобалары тек бір тілдегі мазмұны бойынша ғана емес,заңнамадағы өзге талаптарға сәйкестігі бойынша сарапталады. Сондықтан нақты мемлекеттік тілдегі мазмұны бойынша статистика жүргізбейміз, – деді Азамат Есқараев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.