Ақтөбеде сауатсыз жазылған жарнама мәтіндері мен кәсіпкерлік нысандарының атауы көбейіп барады. Соңғы кезде, тіпті, қала көшелерінен "Тіл туралы" заңды белшеден басып, алабажақ, шаласауат тақтайшалар іліп қойған кәсіпкерлік нысандарын жиі кездестіреміз. Бұл мәселе қашан шешіледі? Қашан заң аясында кәсіпкерлерге шара қолданылады? Біз осы мәселе жөнінде жауапты мекеме мамандарымен тілдескен едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда елімізде көшелер мен кәсіпкерлік нысандарына ілінген көрнекі
ақпараттарды бір ғана мекеме тексереді. Ол — тілдерді дамыту басқармасы. Алайда бұл мекемеге "Тіл туралы" заңды бұзғандарға шара қолдану құзіреті берілмеген. Тіпті, қазір бұл мәселені түбегейлі шешуде ешқандай жергілікті атқарушы орган мойнына жауапкершілік алмайды. Өйткені, заң бойынша талап бұзғандарға тек ескерту беріліп, түсіндіру жұмыстары ғана жүргізіледі. Кәсіпкерлерге мораторий жарияланғаннан кейін басқарма мамандары тек түсіндіру, әдістемелік көмек көрсетумен ғана шектеліп келді.
Осыған дейін Қазыбек Иса бастаған бір топ тіл жанашыры мемлекеттік органдарға кәсіпкерлерді тексеруге қатысты бақылау функциясын беру туралы мәселені көтерген болатын. Алайда арада бір жыл өтсе де, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалды. Биыл жаңа жылдан бастап кәсіпкерлерді тексеруге мораторий аяқталды. Дегенмен тіл мәселесіне келгенде, әлі де шара қолданылып жатқан жоқ.
Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің басшысы Бақтыгүл Әбиеваның айтуынша, былтыр басқарма мамандары заңды бұзған 710 жарнама мәтініне түзету енгізу үшін кәсіпкерлерге заңнама талаптарын түсіндіріп, әдістемелік көмек көрсеткен. Жүргізілген мониторинг жұмыстары барысында 4070 жарнама мәтіні сараланған.
Өткен жылы көрнекі ақпаратта кездесетін қателерді анықтап, оларға әдістемелік көмек беру, түзету жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақтөбе қаласы және аудандарда "Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі" атты акция өткіздік. Акция барысында 2347 жарнама мәтініне талдау жасалып, қате рәсімделген 1290 жарнама мәтіні түзетілді. Көрнекі ақпаратта және қызмет көрсетуде "Тіл туралы" заңнама талаптарының сақталмауы мәселелерінің алдын алу мақсатында «Мен қазақ тілінде қызмет көрсетемін» акциясы ұйымдастырылып, 54 ірі нысанда сауда иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 1200 адамға таратпа материалдар таратылды. Жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, қызмет көрсетуде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында биыл қаңтар айында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, — дейді ол.
Ал аталған басқарманың басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, қазіргі таңда мекеме мамандары Ақтөбе қаласындағы кәсіпкерлік нысандарына, қала көшелеріндегі жарнама мәтіндеріне тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен заң бұзғандарға шара қолданбаған соң кейбір жұмыстар нәтиже бермейді. Қолдан келетіні — айту, түсіндіру, әдістемелік көмек беру.
Осы тұста айту керек, елімізде заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге 2018 жылға дейін айыппұл салынды. Қазір өкінішке қарай мұндай шара қолданылмайды. Сондықтан басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселе қазір республика көлемінде талқыланып жатыр.
Біздің басқарма Жоғары білім және ғылым министрлігіне қарайды. Биыл 14 ақпанда министрліктің алқа отырысында осы мәселе қозғалды. Жақын арада көрнекі ақпаратқа байланысты "Тіл туралы" заңға өзгерістер енгізілетіндігі айтылды. Алдағы уақытта жоба Парламентке жіберіліп, қаралады. Ал облыстағы жағдайға келсек, қазір тұрғындар арасында көп жағдайда орыс немесе ағылшын тілінде жазылған жарнама мәтіндеріне алаңдаушылық білдіретіндер көп. Біз бұл бағытта жан-жақты жұмыс жасап жатырмыз. Заңға сәйкес алдағы уақытта бірінші рет заң бұзғандарға ескерту берілсе, екінші рет айыппұл салынатын болады. Әзірге мұндай құзырет қай органға берілетіні белгісіз. Мысалы, қала, аудан әкімдігіне берілуі мүмкін. Биыл біз жыл басында «Анвар», «Дина» сауда желілерін аралап, сол жерлердегі баға көрсеткіштерінің барлығын қазақ тіліне аудардық. Жуырда «Мега Шығыс» базарына барып, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырдық, дегенмен сауда орындарын жалға алушылар арасынан көрнекі ақпаратты ауыстыруда бірқатар наразылық білдіргендер болды. Айта кету керек, бұл жерде наразылық тілге емес, қаржылық жағдайға байланысты маңдайшаларды ауыстыруға қатысты. Бірқатар сауда иесі оларды ауыстырғысы келмейтінін жеткізді. Біз заңды түсіндіріп, нұсқамалар негізінде көмек көрсеттік, — дейді Қонақбаев.
Басқарма басшысы бүгінде заңда көрсетілген талаптарда жергілікті атқарушы органдар тарапынан деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыруда заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау функциясы қарастырылмағаны, жергілікті атқарушы органдардың көрнекі ақпараттарды орналастырғанға дейін кәсіпкерлік субъектілеріне тілдік нормаларды сақтау үшін бұзушылықтардың алдын алуда хабарлама беру тәртібі енгізілмегенін жеткізді. Қалай алып қарасақ та, тіл нормаларын бұзған кәсіпкерлерге ешқандай тексеру, бақылау шарасы жүргізілмейді.
Ал ақтөбелік кәсіпкер Нұрлан Досқұлұлының айтуынша, көрнекі ақпараттардың қатесіз, мемлекеттік тілде жазылуы үшін кәсіпкерлік басқармасы мен сауда орындарының арасында кері байланыс және бірізділік болуы керек.
Өкінішке қарай, қазір жеке кәсіпкерлердің өз билігі өзінде. Ешқайсысы кәсіпкерлік басқармасына есеп бермейді. Басқаны былай қойғанда, мемлекеттік тіл мәселесінде барлық кәсіпкер осы басқармамен кері байланыс орнатып, жарнама беру, кәсіпкерлік нысандарына маңдайша орнату жұмыстарында бірігіп жұмыс жасауы керек. Сонда ғана тәртіп болады. Егер басқарма тарапынан кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар болса, кез келген сауда орнының иесі тиісінше әрекет етуі керек. Егер кәсіпкерлік басқармасы мен тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп жұмыс істесе, міне, осы олқылықтардың барлығы қалпына келер еді. Меніңше, бұл жерде азаматтардың тілге деген жанашырлығы да назарға алыну керек. Мәселен, мен жуырда өзім тұратын ауданда монша аштым. Монша атауын қазақшалап, бәріне түсінікті тілмен жазып қойдым. Бірде-бір орыс немесе ағылшын тілінде сөз жазбадым. Менің тілімді құрметтеген адам моншама келеді. Егер моншамның атауы үшін келгісі келмесе, мен одан зардап шекпеймін, — дейді кәсіпкер.
Шынында да, кез келген кәсіпкер осы кісідей қазақ тіліне жанашыр болса, онда барлық жарнама да, ғимараттардың атауы да мемлекеттік тілде және қатесіз жазылар еді.
Бұл орайда Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы әлі де кәсіпкерлермен жан-жақты жұмыстар жүргізу керектігін жасырмайды.
Аталған мекеме басшысы бүгінде кәсіпкерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардағы іс қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне де мониторинг жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы мемлекеттік мекемелердегі кіріс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 93,4 пайыз болса, шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі — 98,6 пайыз.
Бұл бағыттағы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл екі облыстық басқармада олқылықтар табылды. Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сатып алулар басқармаларында құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі жоспарда көрсетілген межеден төмен болды, — дейді басқарма басшысы.
Аталған басқарманың "Тіл туралы" заңнамада көрсетілген тағы бір құзыреті – ономастика мәселесі. Былтыр басқарманың бастамасымен Ақтөбе қаласы бойынша бір шағын ауданға, 19 тұрғын үй алабына, 39 атауы жоқ көшеге, екі атауы жоқ даңғылға атау беріліп, 36 идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атаулары қайта аталған. Биыл өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы негізінде Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Вознесеновка, Первомайка, Дмитриевка, Покровка, Қарғалы ауданына қарасты Степной, Петропавловка ауылдары жаңа атауға ие болады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында 30 көшеге қайта атау берілмек.
Қорыта айтсақ, тіл мәселесі қай кезде де кезек күттірмеуге тиіс. Себебі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның аясын кеңейту — Президент тапсырмаларының маңызды бағыты. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе көпке созылмайтын шешілер деген үміттеміз...