Азаматтар енді құқық бұзушылықтар туралы полицияға бір батырма арқылы жедел хабарлай алады. Бұл мүмкіндік eGov Mobile қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің мобильді сервистерінде қолжетімді «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі арқылы жүзеге асуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жоба өткен жылдың жазында іске қосылған. Сервис құқық қорғау органдарымен байланысты жеңілдетіп, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Арнайы батырма арқылы пайдаланушылар полиция бөліміне бармай-ақ және қоңырау шалмай-ақ құқық бұзушылықтар туралы хабарлама жібере алады. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, балаға қатысты оқыс жағдайлар және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де деректері бойынша жедел ақпарат жолдауға мүмкіндік бар.
Жіберілген хабарлама бірден полиция органдарына түседі. Соның нәтижесінде құқық қорғау қызметкерлері оқиғаға жедел ден қойып, қажетті шараларды қабылдай алады.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында сервис арқылы 34 153 хабарлама келіп түскен. Бұл цифрлық жүйенің халық арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, «Заң мен Тәртіп» сервисі қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, азаматтар мен полиция арасындағы байланысты тиімді етуге бағытталған.