Оқу-ағарту министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап беріп, мектептерде оқытылатын «Заң мен тәртіп» курсының мазмұны, оқыту әдістері және күтілетін нәтижелері туралы ақпарат берді.
Курс қандай мақсатқа бағытталған?
«Заң мен тәртіп» курсының бағдарламасы практикалық бағытқа негізделген. Ол құқықтық нормаларды меңгеруге, оларды қолдану дағдыларын қалыптастыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға, білім алушылардың күнделікті өмірде жауапты әрі қауіпсіз мінез-құлқын дамытуға бағытталған.
Курс аясында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және нақты өмірлік жағдайларда заң талаптарына сай әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі.
Бағдарламада қандай тақырыптар қамтылған?
Министрліктің мәліметінше, курс мазмұнына мынадай тақырыптар енгізілген:
- «Мектепте және көшеде заңдар мен мінез-құлық қағидаларын сақтау»;
- «Буллинг және кибербуллинг»;
- «Онлайн-чаттарда жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратқаны үшін құқықтық жауапкершілік»;
- «Вандализм және кәмелетке толмағандар үшін түнгі уақыт шектеулері»;
- «Желідегі оңай табыс: дропперлік және алаяқтық»;
- «Экстремизм және жалған жаңалықтар»;
- «Репосттар үшін жауапкершілік» және тағы басқа тақырыптар.
Бағдарлама қолданбалы дағдыларды қалыптастыруға бағытталған практикалық сабақ түрлерін, соның ішінде кейс-әдіс, рөлдік ойындар және жағдаяттарды модельдеуді қамтиды.
«Құқық негіздері» пәнімен байланысы қандай?
«Құқық негіздері» пәнінің мазмұны құқықтың негізгі салалары бойынша базалық білім беруге бағытталған. Олардың қатарында мемлекет және құқық, Қазақстан Республикасының Конституциясы, азаматтық, еңбек, әкімшілік, қылмыстық және отбасы құқығы бар.
«Заң мен тәртіп» курсын тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі жүргізеді.
Құқықбұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріледі
Министрліктің хабарлауынша, «Заң мен тәртіп» курсында құқықбұзушылықтардың алдын алуға басым көңіл бөлінеді.
Оқушылар буллинг, кибербуллинг, алаяқтық, дропперлік, фишинг, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар және басқа да өзекті мәселелер бойынша нақты өмірлік жағдаяттарды талдайды, - делінген ведомствоның ресми жауабында.
Сабақ барысында олар заңды және заңсыз әрекеттерді ажыратуды, олардың құқықтық салдарын бағалауды, қауіпсіз шешім қабылдауды және тиісті әрекет алгоритмдерін қолдануды үйренеді.
Оқушылар қандай нәтижеге қол жеткізуі тиіс?
«Заң мен тәртіп» курсын енгізу нәтижесінде оқушылар:
- заң талаптарын сақтаудың маңызын түсінуі;
- құқыққа сай және құқыққа қайшы әрекеттерді ажыратуы;
- қауіпті жағдайларда негізделген әрі қауіпсіз шешім қабылдауы;
- өз құқықтарын қорғау және тиісті органдарға жүгіну алгоритмдерін қолдануы тиіс.
Министрлік бұл нәтижелерді курстың білім алушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған мақсаттарымен байланыстырады.
Оқу нәтижелері қалай бағаланады?
Оқу нәтижелерін бағалау білім алушылардың іс-әрекетін бақылау, олардың практикалық тапсырмаларға, кейстерге, талқылауларға және басқа да белсенді жұмыс түрлеріне қатысуы негізінде жүзеге асырылады.
Яғни бағалау барысында оқушылардың тек теориялық білімін ғана емес, практикалық сабақтардағы белсенділігі мен тапсырмаларды орындауы да ескеріледі.
Курстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу
«Заң мен тәртіп» курсын енгізудегі негізгі мақсаттардың бірі – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, - деп жауап берді ведомство.
Курс оқушыларға заң бұзудың құқықтық және әлеуметтік салдарын түсіндіріп, қауіпті жағдайларды дер кезінде танып, құқыққа сай әрі қауіпсіз шешім қабылдау және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Тағы оқи отырыңыз: «Заң мен Тәртіпке» сұраныс жоғары: Қазақстандықтар ең алдымен нені қорғауды қалайды?